Қанат Айтбаев әкесін туған күнімен жан тебірентерлік сөздермен құттықтады - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қанат Айтбаев әкесін туған күнімен жан тебірентерлік сөздермен құттықтады

Қанат Айтбаев әкесін туған күнімен жан тебірентерлік сөздермен құттықтады

Димаш Құдайбергеннің әкесі, өзі де танымал әнші Қанат Айтбаев әкесі - Құдайбергенді туған күнімен әлеуметтік желі арқылы құттықтады. Ол құттықтау сөзін тебірене отырып жазыпты. 

  • 25 Шiлде 2017
  • 6248
Фото - Caravan.kz

Оған пікір жазғандар Димаштай дарынды әншінің атасына риза болып жатыр, деп хабарлайды Caravan.kz

"Балалық шағым еске түседі…Жалтыраған тақырбастың үстіндегі алақандай айдары желмен желбіреп, жаңа ғана сатып алып келінген су жаңа велосипедпен бір бала зырғып барады… Ол — мен. Сол кездері дүкенге көп түсе бермейтін дүниені əкем Ақтөбедегі ағайындарға арнайы тапсырып, қайта-қайта сұратып жүріп, алдырған болатын. Екі дөңгелекті көлікті көргенде алақайлап қуанғаныма өзі де шат-шадыман…
Жазғы каникулда əкемнің машинасынан қалмаймын — егістік басындағы механизаторларға, қой ауылдағы малшыларға жиі барамыз. Даланың даңғыл жолында əкем ГАЗ 69 -дың руліне мені отырғызып, көлік жүргізуді үйретеді… Мотордың құрылымын, қозғалтқыштың жұмыс істеу жүйесін түсіндіреді, қайталап сұрайды. "Менің балам техникаға өте бейім, ықтиятты" деген мақтауын есту — алты оқитын бала үшін үлкен бақыт…
Үйге қонақ көп келеді, анам ас əзірлеп, əкем меймандармен əңгіме дүкен құрады. "Ағалардың жақсы сөзін тыңда" деп əкем қасына алып отырады…
Кей күндері жұмыстан кейін қолына домбырасын алып, Қазанғаптың, Құрманғазының күйлерін төгілтеді, үйдің іші сиқырлы үнге толады, бəріміз беріле тыңдаймыз…
Өзінің ұстаздарының, құрметтеп, сыйлайтын азаматтардың жақсы істерін мысал етіп айтады. Басты принципі "Ұлық болсаң -кішік бол", "Біреудің ала жібін аттама" — үнемі қайталап отырады…
Кешке таман əкем жұмыстан келетін кезде бəріміз дайындаламыз — əпкем мен қарындасым су сеуіп есіктің алдын сыпырады, анам самаурынға от салып, ағаштың көлеңкесіне көрпе төсеп, дастархан жаяды. Мен қолға су құятын құман əзірлеймін… Отбасымызбен шүйіркелесе отырып кешкі салқынмен шай ішеміз…
Қазір өзім де əкемін. Бірақ əлі күнге дейін əкеме еркелегім кеп тұрады. 
Папа, туған күніңіз құтты болсын! Мамам екеуіңіздің арқаларыңызда балалығымыз бақытты болды. Біздің қызық, қуанышымызды тең көріңіздер! Келер жылы амандық болса алтын тойларыңызды тойлауға жазсын! Бақытты күндеріңіз мол болып, жастарыңыз жүзге жетсін!" деп жазыпты Қ.Айтбаев.


Димаштың атасы мен әжесі. Facebook.comДимаштың атасы мен әжесі. Facebook.com

Айта кетейік, Қанат Айтбаев ұлы — Димашты да туған күнімен әлеуметтік желіде әдемі құттықтаған болатын.