Бүгін халықпен есепті кездесуін өткізген ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев таяуда Каспий теңізінде итбалықтардың өлуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетерлігі, кездесу барысында министрге Каспий теңізіндегі итбалықтардың өлуі мұнай өндірумен байланысты емес пе деген сұрақ қойылған еді.
«Маңғыстау мен Атырау облыстарындағы орын алып жатқан жайтардың барлығын әдетте теңіздегі кен орындарынан мұнай өндірумен байланыстырады. Алматыда тұратын, өзінің экологпен деп атайтындар қазір өте көп. Олар бірде-бір рет Маңғыстауда болмаған және мұнайшылардың салдарынан итбалықтар қырылып жатыр деп дабыл қағады», — деді Бозымбаев.
Оның айтуынша, шын мәнінде итбалықтардың мұнай компаниялары эмиссиясы салдарынан өлді деген нақты мәлімет жоқ.
«Бірақ, өлексе терілерінің беткі қабаты зақымданғаны анықталды. Бұл олардың браконьерлердің балыққа құрған ауына түсіп қалғандығын дәлелдейді», — деді ол.
Сонымен қатар министр өлекселердің шіруіне байланысты барынша нақты сараптама жасау мүмкін болмағандығын, сондықтан жергілікті ветеринарлық қызмет итбалықтарды өртеп жібергендігін айтты.
Еске сала кетсек, сәуір айының аяғында Маңғыстау облысы Түпқараған ауданындағы Каспий жағалауынан әртүрлі жастағы (2-3 жасар балаларынан бастап 5 жасарға дейін) 243 итбалық табылып, олардың өлекселері жинап алынған болатын. Гидробиология және вирусология институтының ғылыми қызметкерлері 6 итбалыққа сынама жасады.
«Сараптама нәтижелері келді. Бірақ, ешқандай зиянды заттар, улану белгілері жоқ», — деді Маңғыстау облысы орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының басшысы Түменбай Қалжанұлы.