"Қанша ана қан жұтып қалды": Блок бекетте көз жұмған полицейдің жесірі мен анасы мәлімдеме жасады - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+22 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Қанша ана қан жұтып қалды": Блок бекетте көз жұмған полицейдің жесірі мен анасы мәлімдеме жасады

"Қанша ана қан жұтып қалды": Блок бекетте көз жұмған полицейдің жесірі мен анасы мәлімдеме жасады

Алматыдағы блок-бекетте жантүршігерлік апат жасап, қос полицейдің өліміне себеп болған күдіктінің анасы мәлімдеме жасады. Ол бауыр еті – баласының қасақана адам өлтірмегеніне сенімді. Әрі Азат Азаматовтың ішімдікке әуестігі жоғын жеткізді. Ал осы апаттан қаза тапқан полицейдің жақындары оқиғаның ақ-қарасын анықтауды сұрап отыр.

  • 4 Маусым 2020
  • 474
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz  медиа-порталы КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қара жамылған отбасы кінәлінің әділ жазалануын сұрайды.

Жүйткіген көлігімен блок-бекетті бұзып өтіп, патрульдік машинаға соққан күдікті осы үйде туып-өскен. Алайда Азат Азаматовтың ата-анасы бүгін үйінде жоқ. Олар ұлының қай абақтыда жатқанын іздеуге кетіпті. Күдіктінің анасы телефон арқылы Азаттың ішімдікке әуестігі жоғын жеткізді. Әрі елдің есін шығарған қылмысты «перзентімнің әдейі жасауы мүмкін емес» дейді.

Клара, күдіктінің анасы: — Сенбеймін, сенбеймін. Қасақана адам өлтірді дегенге мен сенбеймін. Ешкім де ойламайды ғой. Мен өз баламды сондайға барады деп айтпаймын ғой, дұрыс па? Ол ішпейді де, темекі де тартпайтын.

Алайда қалалық полиция департаментіндегілер күдіктінің сол сәтте мас болғанын мәлімдеген. Апат кесірінен қапыда қара жамылған Дастан Әбдіқановтың отбасы әлі есін жия алар емес. Сержанттың әйелі: «күйеуіммен қоштасып та үлгермедім» деп, көзіне жас алды. Өйткені ол түнгі ауысымға кететін күні жақындарына айттап жүріпті. Жалпы карантин басталғалы Дастанның жұмысы көбейген. Десе де, блок-бекеттегі кезекшілікке санаулы рет түсіпті.

Динара Әбдіқанова, марқұмның жесірі:

Блок-бекетке екі-үш реет қана түскен.

— Тап сол блок-бекетке ме?

— Жоқ, бұл блокпостқа бірінші рет барды. Үш ай бойы ауыр жағдайда істеді ғой. Бұлардың бәрі ауыр жағдайда жүрді.

Белгілісі, Азат Азаматов апат болған күнге дейін форма киіп, Алмалы аудандық полиция бөлімінде қызмет етті дейді Динара. Қайғыдан қан жұтқан оның анасы істің ақ-қарасын анықтауды Президенттен сұрады.

Жанатгүл Әбірова, марқұмның анасы
: — Үш адамның отбасын ойрандап кетіп отыр. Үш отбасында қанша баланың болашағы қалды, қанша жар еңіреп қалды, қанша ана, қанша әке қан жұтып қалды. Оның өзі осы үш отбасының басына келген үлкен қайғы-қасірет. Ол адам жер басып жүрер, өмір сүрер, тамақ ішер, ұйықтар, бірақ мен ойлаймын, түптің-түбінде Алла жазасын береді.

Айта кетейік, марқұм Дастан Әбдіқановтың енді ғана қырқынан шыққан ұлы бар. Қаза тапқан екінші полицей Жарас Жанғазиевтің артында қос қызы мен жүкті әйелі қалды. Ал бір ажалдан аман қалған үшінші тәртіп сақшысы дүйсенбіде жан сақтау бөлімінен палатаға шығарылған. «Ербұлан Сейдазымның жағдайы тұрақты» — дейді дәрігерлер.

Еске салсақ, өткен дүйсенбіде таңғы 5 жарымда жүйткіген BMW блок-бекетті бұзып өтіп, патрульдік машинаға соғылған. Көліктегі аға лейтенант сол жерде тіл тартпай кетсе, қасында отырған сержант ауруханада жан тапсырды. Қазір жантүршігерлік жағдайға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Тізгінге мас күйінде отырып, блок-бекетті жарып өткен жүгенсіз жүргізуші екі айға қамауға алынған. Әріптестерінің өліміне себеп болған күдіктінің енді өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бір айта кетерлігі, қалалық полиция департаментіндегілер Азат Азаматовтың жұмыстан нақты қашан шығарылғанын сол күйі айтпады. Қанға малынған жердегі «Сергектің» видеосы да жарияланған жоқ.

 

Соңғы жаңалықтар