Жарияланды: 440

«Қантыңыздың қанша екенін білесіз бе?» - басылымдарға шолу

«Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанаты біраз жылдан бері еліміздің жастары арасында елеулі қызметтер атқарып келеді. Бүгін бұл ұйымның ІІ съезі болғалы отыр. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газеті «Жас Отан» жастар қанаты атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Нұрлан Сыдықовқа бірнеше сауал қойып, тұщымды жауап алған. «Жалындаған жастар - еліміздің ертеңі» деген тақырыппен берілген сұхбат барысында Н.Сыдықов: «Мен сапалы білім алу ең үлкен

проблема дер едім. Бұл жерде жоғары білімге қатысты ғана емес, орта арнаулы немесе кәсіптік білімді де айтып отырмын. Өйткені, сапалы білім алуға түрлі кедергілер, соның ішінде ішінара сыбайлас жемқорлықтың орын алуы жол бермейді. Соның кесірінен қалтасында табақтай дипломы бар кейбір мамандардың өз кәсібі бойынша білімі өте тайыз болып келеді. Өкінішке қарай, сондайлар жең ұшынан жалғасып түрлі қызметтерге де тұрып кетіп жатады. Ал нағыз білім қуып, таза еңбекпен диплом алғандар жұмысқа тұра алмай, сабылып жүреді. Ондайлардан үш жылдық жұмыс өтілін талап етіп, жұмысқа тұруына түрлі кедергілер жасайды. Сондықтан өз мамандықтарымен жұмысқа тұра алмай, басқа салаларға кетіп жатқан жастар да көп. Осы, жұмысқа орналасу мәселесі бүгінгі жастарды қатты алаңдатады деп ойлаймын», - депті. Қазақстанда сапалы тауар өндіруге ұмтылыс бар. Алайда, елімізде шетелдіктердің қатысуымен құрылған кәсіпорындар тарапынан бұған мән берілмей келеді. Міне осы отандық ғылым, инновациялар және қазақстандық қамтуды дамыту мәселелері "Егемен Қазақстан" газетінің жазуынша, «Kazenergy» қауымдастығының ұйымдастыруымен Атырауда өткен үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында кеңінен талқыланды. «Шындығында, Қазақстанның әр өңірін­де бәсекеге қабілетті отандық өнім өнді­ріледі. Мәселен, соңғы үш жылдың ішінде еліміздің мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы қазақстандық қамту үлесін өрістетудің түйінді мәселелерін шешуге оң қадам жасалды. Осы орайда Мұнай және газ ми­нистрлігінің жауапты хатшысы Қанатбек Сафиновтың мәлім етуінше, нақ осы мәселені нормативтік құжат шеңберінде реттеу үшін жаңа заң қабылданды. Осылайша, бұл мәселеге жаңаша қадам жасалды. Ал шетелдік компаниялармен арада жасал­ған ескі келісім-шарттарда қазақстандық қамтуды дамыту міндеттемелері көрсетіл­меген», - деп жазады басылым. Мақала «Қазақстандық қамтуды қалай дамытқан жөн» деген тақырыппен берілген. «Алаш айнасы» газетінің жұма күнгі кезекті санында «Ұлттық өнерді дамыту үшін еліміздегі концерт залдарын жалға берудің қолжетімді тарифын бекіту керек пе?» деген тақырып ой-көкпарға салынған. Бұған ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұрғали Нүсіпжанов: «Жақсы ұсыныс. Мен еліміздегі концерт залдарын жалға берудің қолжетімді тарифын бекітуді қолдар едім. Өйткені бүгінде концерт залдарын жалға алу құнының қымбаттығы талай ұлттық өнерді насихаттаушыларға қолбайлау болып отыр. Мәселен қазір Республика сарайында концерт өткізу үшін қалтаңда 4 миллион теңге көлемінде ақшаң болуы керек. Өнер адамы ел алдына шығып өнер көрсеткісі, халықтың бағасын алып, елдің сараптамасынан өтіп, көрерменнің көңілін көтергісі келеді. Ал ол үшін екінің бірінің қалтасы сахнаны жалдаудың қымбат бағасын көтере алмайды» деген пікірде. Сонымен бірге қолжетімді тарифті бекіту керек деген ойды ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, әнші, продюсер Майра Ілиясова да айтты. Осы басылымның 4-ші беті «Алаш аймақ» атауымен жарық көріп отыр. Бұл бетте бақ дарыған батыстың, яғни Батыс Қазақстан облысының бүгінгі өндірісі, сол өндірістің тіршілігін ұршықша иіріп, жұмысын дөңгелетіп отырған ағайын жайында мәселе көтерілген. Осы орайда облыстағы зағиптар жайлы да ой қозғалып, «Біз өзімізді мүгедек деп атауға қарсымыз» атты мақала жарияланған. Оралдағы «Арба» қоғамдық бірлестігінің мүшелерінің этностық жарасқан ынтымағы да назардан тыс қалмаған. Мұнымен қатар, Ресейдегі қазақ ағайын хақындағы «Қандастар қуанышы», қазақылықты қадір тұтқан өзге ұлт өкілі хақындағы «Болмысы қазақ Анна», үкіметтік емес ұйымдар жайлы «Үкіметтік емес ұйымдар қамқорлықта», мүгедек балалардың мәселесін ту еткен «Мүгедек балаларға орталық керек» деген сынды тақырыптағы материалдар да өңірдің тыныс-тіршілігінен сыр шертеді. *** «Қант диабеті - дерт боп жабысқан күннен адам ағзасын толықтай қирауына алып келетін жүйелік ауру. Халықаралық диабет федерациясының мәліметі бойын­ша, қазіргі таңда жер бетіндегі 366 миллион адам диабет дертіне шалдыққан. 2011 жылы осы аурудан 4,5 миллион жан көз жұ­мыпты. Ал Қазақстанда сусамырмен есеп­ке алынғандардың саны 200 мыңнан асып отыр», - деп жазады «Айқын» газеті. «Алайда бұл - нақты ауруы анықталған адамдардың саны, ал диагностикадан өт­пей, өзіне сусамырдың жабысқанын біл­мей жүргендердің қатары олардан 5-6 есе көп болуы мүмкін» дейді мамандар. Дү­ниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2030 жылға дейін диабеттен көз жұматындар­дың саны екі есеге артады деп болжап отыр. Сондықтан қауіпті дертпен көп бо­лып кү­рескен абзал. Мақала тақырыбы: «Қантыңыздың қанша екенін білесіз бе?». *** Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Си Цзиньпинге оның Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы қызметіне сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады», деп жазады «Казахстанская правда» газеті «Поздравительная телеграмма» деген тақырыптағы ақпаратында. Нұрсұлтан Назарбаев Си Цзиньпинді Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы қызметіне сайлануымен құттықтап, оның басшылығымен Қытайды әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа белесіне шығаратынына және елдің халықаралық аренадағы биік беделін нығайтатынына сенім білдірді. Сонымен қатар Н.Назарбаев Қытай Коммунистік Партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысын Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Мас жүргізушілердің орны - темір тордың ар жағы. Кеше сенатор Жұмабек Төрегелдинов Үкімет басшысы Серік Ахметовке мас күйінде көлік жүргізген азаматтарға қылмыстық жаза енгізуді ұсынды, деп жазады «Экспресс К» газеті бүгінгі санындағы «Я по пятницам не поддаю» деген тақырыптағы мақаласында. Халық қалаулысы қазан айының ішінде тек бір Алматыда ғана 30 адамның көлік астына түсіп, мерт болғандығын ашына жеткізген. Сондықтан да сенатор жазаны қатайтуды алға шығарып отыр. Оның айтуынша, рұқсат етілген шектен жылдамдықты асырғандардың жүргізуші куәлігін 2-5 жылға алып қою керек. Ал жол қозғалысының қарсы бетіне шығып кеткендерді мүлдем көлікке жолатпау қажет. Сондай-ақ бағдаршамның қызыл жарығына өткендерге салынатын айыппұлды 8 мыңнан 40 мыңға дейін арттыру нәтижелі болмақ.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін