Қапшағайда әкімдік кәсіптік колледж ғимаратын тартып алмақ - kaz.caravan.kz
  • $ 445.66
  • 474.58
+19 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қапшағайда әкімдік кәсіптік колледж ғимаратын тартып алмақ

Қапшағайда әкімдік кәсіптік колледж ғимаратын тартып алмақ

Алматы облысында кәсіптік колледж ұжымы жергілікті әкімдікпен соттасып жатыр. 10 жыл бұрын есік-терезесі жоқ ғимаратты Қапшағай қаласы әкімінің бұйрығымен алған ұжым күрделі жөндеу жүргізіп, балалар білім алатын ордаға айналдырған. Жекешелендіру кезінде құжаттары кері қайтарылған ұстаздар қауымы ешнәрседен қауіптенбеген көрінеді. Алайда қазір бұл ғимараттың бұрынғы балабақша екені анықталып, әкімдік оны қайтарып алуды шешті. Және Жоғарғы сотта жатқан істің шешімін күтпестен, жергілікті басшылық колледж есіктерін мөрлеп тастапты.

  • 30 Шiлде 2011
  • 740
Фото - Caravan.kz

Қапшағайда қараусыз қалған бұл ғимараттың осыдан он жыл бұрын қабырғалары қақырап, есік-терезесі тақтаймен түгенделіп, босағалары бүлінген еді деп тіл қатады білетіндер. 2001 жылы Қапшағай әкімі құрылтайшының қолына құжатсыз ұстата салыпты бүтін ғимаратты. Одан бері жамап-жасқалып, қолда бармен қамқаланған нысан адам көзі қызығытан оқу ордасына айналған. Бірақ жекешелендіруден оны билік қалыс қалдырды. Артынша Қапшағай әкімдігі алқымнан алыпты. Әзір асқа тік қасық, бүтінделген ғимарат бүтінімен солардың қарамағана өтпек. Ата-аналар мен ұстаздардың базынасына бас ауыртқан ешкім жоқ.

Раушан Жамбосынова, Қапшағай қаласының тұрғыны:

-Оқу басталуға 1 ай қалғанда ештеңе ескертпей оқуды жабамыз дейді. Балаларымыз қайда қалады, 500-ден астам. Жабатын болса алдын ала ескертіп, балаларды ата-аналарды дайындау керек еді. Бір ай ғана қалғанда балаларымызды қайда апарамыз. Қызым 3-ші курста 1 жыл қалды бітіруге. 500 баланың тағдыры не болмақ? Осыны жергілікті әкімдер неге ойламайды?

Қапшағай әкімдігінде құдды бір өлі тыныштық. Түс ауғанда жауап берер тірі жан таппадық. Әкім мен орынбасарлары ақиық ақын Мұқағалидың тойына түгел тиеліп кетіпті. Ал шақша бастары шарадай болған колледж ұжымы кеп жатқан студенттерді далада қабылдап отыр. Өйткені есік біткенді мөрмен мықтап бекіткен. Мидай қайнаған ыстықта миды айналдырған мәселенің мән-жайын түсіндіретін бір маманды таптық, ол студенттерге барар жер тауыпты.


Дәния Қоспаева, Қапшағай қаласы білім бөлімінің маманы:

-Қасындағы Бәйтерек колледжінің президенті қала әкімі Таубаевқа хат жолдаған. Ауысам десе біздің колледжге ауыса алады, қаламаса Алматыдағы колледжге ауысады, жоқ факультеттер болса,  айырмашылығын тапсырып бар факультеттерде оқи алады деп хат жолдаған.

Кілтипан, бұл ғимарат алып отырған 705 шаршы метр жердің бұрынғы балабақша екені. Бірақ бұрын ешкім мойын бұрмаған. Айтпақшы, айтылған Бәйтерек те осы ғимараттың ішінде. Бірақ оларға әкімдік әмір қылмапты әлі.

Бел кеткенше беріспейміз деген қос тарап жұдырықтарын түйіп бір-бірін жұлып жеуге дайын отыр. Ғимаратты әкімдіктің қарамағына қайтарған сот шешімімен келіспеген колледж ұжымы істі қайта қарау үшін құзырлы орындарға шағымданған. Бірақ шенеуніктер бұдан хабарсыз, есік-тесікті түгел мөрмен бекіткен. Оқу жылына 1 ай қалғанымен 530 студент пен 60 ұстаздың ертеңі қос тараптың қанталапайына қарап отыр.    

Соңғы жаңалықтар