500-ге жуық тұрғыны бар Маралды ауылына төрт күннен бері кіріп-шығу мүмкін болмай тұр, деп хабарлайды КТК телеарнасы. Ұйытқып соққан боран кірер жолды түгел жауып тастаған. Қазір мұнда қардың биіктігі 3 метрге жуықтайды. Техника күні-түні жұмыс істегенімен, қарды тазалап бітер емес.
Айнұр Әбуова – көп балалы ана. Облыс орталығында жұмыс істейтін ол апта басталғалы ешқайда шыға алмай жүр. Басшыларына жағдайды айтып түсіндіргенімен, осы айда жалақыдан қағылам ба деп алаңдаулы.
"Жұмысқа шыға алмай отырмыз. Хабарласып айттық бәріне, ешқандай көмек берген жоқ. Жолдасым жексенбі күні кеткен жұмысқа содан үйге келе алмай жатыр" дейді Маралды ауылының тұрғыны Айнұр Әбуова.
Жол түгілі, мұндағы көшелерді де қалың қар басқан. Ауылға бағыт аршылмағандықтан түсірілім тобына бірнеше шақырым жаяу жүруге тура келді. Толассыз жауған қар астында қалған оншақты үйдің тұрғындары сыртқа көршілерінің көмегімен шыққан. Дүлей боранға мұндағы шатырлар да шыдас бермепті. Ал төрт тәуліктен бері нансыз отырған жұрттың атқамінерлерге өкпесі қара қазандай.
"Менде қант ауруы, инсулинға тәуелдімін. Инсулин бітіп қатты ауырып қалсам мен қалаға жетуім керек? Енді қалай әрі қарай өмір сүреміз?" ауылдың тағы бір тұрғыны Рәзия Сәденова.
Ал ауыл әкімінің айтуынша, мұндай жағдай соңғы он жылда болмаған. Жұмысшылардың жолды тазалап үлгермей жатқанын мойындаған шенеунік әйелдерге нанды қалай пісіру керектігі туралы кеңес берді.
"Уақытында тазаламай мердігеріміздің жұмысы ақсап жүр. Қазақ елі жайлауда болсын, қайда болсын, нанды үйде пісірді ғой. Сондықтан ол қазір де қолымыздан келеді. Бүгінгі күннің әйелдерінің бәрі біледі ғой енді қалай пісіретінін" дейді Шақат ауылдық аймағының әкімі Базарбай Әбиев.
Елді мекендегі қос дүкенде азық-түліктің таусыла бастағанын айтқан жұрт енді қар басқан жолдың толық аршылғанын асыға күтуде. Ал көктем келісімен қызыл судың астында қаламыз ба деп тағы қорқады.