Жарияланды: 430

Қарағанды: 68 жылқы ұрлаған барымташылар қолға түсті

Қарағандылық полицейлер бірнеше қылмысқа қатысы бар деп күдік келтіріліп отырған барымташылар тобын құрықтады.

Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады. «Департамент бастығының бұйрығына сәйкес, қылмыстық полиция басқармасының негізінде мал барымталау қылмыстарымен айналысатын өңіраралық топ жұмыс істейді. Осы топтың қызметкерлері жүргізген арнайы операцияның барысында Қарағанды қаласы мен облысының төрт тұрғыны ұсталды, оларға былтырғы жылдың қараша айында Шет ауданының Құтыбай ауылында 68 бас жылқыны ұрлады деген күдік келтірілуде», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен. Полицияның дерегі бойынша, ұсталғандар бұрын да осындай қылмыстар үшін сотталған екен. «Күдіктілер өз кінәларын мойындады. Заттай айғақтар тәркіленді. Екеуі Шет аудандық ішкі істер бөлімінің уақытша оқшаулау абақтысына жабылды», деп хабарлады дерек көз. «Ұсталғандардың қалған екеуі Бұқар жырау аудандық ішкі істер басқармасы Тельман полиция бөлімінің абақтысында отыр. Қазір олардың Қарағанды облысында және республиканың басқа да өңірлерінде жасалған қылмыстарға қатыстары тексерілуде», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен. Полицияның айтуынша, ұсталғандар басқа да мал барымталау қылмыстарын мойындап отыр. Ол фактілер бойынша да қазір тергеу амалдары жүргізілуде.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін