Қарағанды облысының Абай қаласында 15 жастағы қыз 5-қабаттан секіріп кеткен, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Тengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға 30 қазан күні болған. Жасөспірімнің не себепті өзіне қол салғаны белгісіз. Ол қазір Мақажанов атындағы облыстық емханада жатыр.
«2002 жылы туған қыздың жамбасы сынып, миы шайқалған. Жағдайы тұрақты, реанимацияда емес, палатада жатыр. Барлық тексеруден өтті, қажетті ем-дом қабылдап жатыр. Қазір онымен психологтар жұмыс істеп жатыр», — дейді Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айжан Иса.
«Аталған іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабына сәйкес («Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу») бірыңғай реестрге тіркеліп, соталды тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», — дейді Қарағанды облысының ІІД баспасөз өкілі Бақытжан Құдияров.