Қарағанды облысында бес дәрігер науқастың өліміне кінәлі деп танылды - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-5 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қарағанды облысында бес дәрігер науқастың өліміне кінәлі деп танылды

Қарағанды облысында бес дәрігер науқастың өліміне кінәлі деп танылды

Қарағанды облысы Шахтинск қаласының соты әйелге тиісті ем-дом жүргізбей, оны ауруханаға жатқызудан бірнеше рет бас тартып, өліміне себеп

  • 14 Маусым 2017
  • 225
Фото - Caravan.kz

Қарағанды облысы Шахтинск қаласының соты әйелге тиісті ем-дом жүргізбей, оны ауруханаға жатқызудан бірнеше рет бас тартып, өліміне себеп болған бес дәрігерге айыптау үкімін шығарды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. 

Сот оларды науқастың өліміне кінәлі деп таныды.  Алайда қылмыс мерзімінің өтіп кетуіне байланысты жазадан босатты, яғни әйел қаза болған уақыттан үкім шыққанға дейін екі жыл өткен.

Айыпталушылар — Шахтинск орталық ауруханасы қабылдау бөлімінің дәрігер-терапевті, емхана кардиологы, орталық аурухананың кардиологиялық бөлімшесінің меңгерушісі, кезекші фельдшер, «Жедел жәрдем» бөлімінің желілік фельдшері.

Облыстық ІІД тергеу басқармасының тергеушісі анықтағандай, Шахтинск тұрғыны 1-10 желтоқсан аралығында бірнеше рет жедел жәрдем шақыртқан. Өзі де емханаға және орталық ауруханаға бірнеше рет келіп, стационарға жатқызуын, жүрек сырқатынан емдеулерін сұраған.  Алайда, емхана, орталық аурухана, жедел жәрдем дәрігерлері оның шағымына жауапкершілікпен қарамаған.

«Науқасты емдеуге болатын уақыт өткізіп алынған. Бес сотталушының жауапсыз әрекеті қайғылы жағдайдың орын алуына алып келді», — деді сотта судья Әлия Садықова.


Сотталушылардың бесеуі де айыптарын мойындамады. Олар науқасты ауруханаға шұғыл жатқызу белгілерін байқамағанын айтып, өздерін ақтап шығуды сұрады.  

«ҚК-нің 114-бабы 4-бөлігі бойынша сотталушылардың кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдермен расталды. Сот айыптау үкімін шығарады, бірақ  оларды қылмыстық жауапкершіліктен босатады, себебі  жауапқа тарту  мерзімі өтіп кетті. ҚК-нің 71-бабы 1-бөлігі 2-тармағына сәйкес аса ауыр емес қылмыс жасаған күннен бастап екі жыл уақыт өтіп кетсе, тұлға қылмыстық жауапкершіліктен босатылады», — деп жария етті үкімді судья Әлия Садықова.