Әйелдің жартылай жанған мәйітін ауыл шетінен тұрғындар тауып алған. Полиция күдіктіні қамауға алды.
42 жастағы әйелдің жартылай жанған мүрдесі Дубовка ауылынан екі шақырым қашықтағы иен даладан табылды. Оны ауыл тұрғындары байқап қалып, дереу полиция шақырған.
Көп ұзамай марқұмның туған ұлы күдікке іліккен. 21 жастағы жігіт анасын алдымен ұрып, содан соң өртеп, танысымен бірге ауыл шетіне апарып тастағанын полицияға айтқан.
Қазір күдікті қамауда. Оған қатысты «адам өлтіру» бабымен іс қозғалды.
"Полицияда қылмыстық іс тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда", — дейді Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Жанатай Сембеков.
Көршілері бұл отбасымен араласпаған. Айтуларынша анасы ішімдікке салынған. Ана мен бала арасындағы кикілжіңге осы себеп болғанына сенімді. Олар өз сөздерінде ішімдікке салынған анасының әрекеттері баласын шаршатқанын айтып қалды.
Күдікті өзінің туған анасы және нағашы әжесімен бірге тұрған. Көршілерінің айтуынша, қазір әжей өзі жалғыз қалған.
Олар күдікті жігіттің оғаш қылықтардан аулақ болғанын да айтады. Ал қайғылы оқиғаға анасының ішімдікке салынуы себеп болуы мүмкін деп отыр.
Дубовка ауылының әкімдігі де күдікті жігітке шаң жуытпады.
"Ол дизайнер мамандығын бітіріп, қалада жұмыс істейтін. Кәрі нағашы әжесі мен шешесінің бар проблемасын бір өзі арқалап жүрген еді", — деді әкімдік өкілдері.
"Бала ақылды, суретті жақсы салатын. Дизайнер мамандығын таңдады, ешкімге қарсы сөйлемейтін, сыпайы. Сенер сенбесімізді білмейміз. Тұрғындар кейінгі уақытта мамасы ішеді деген. Содан шаршады ма, әлде намыстанды ма, жас бала ғой", — деді Қарағанды облысы Дубовка ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Ерке Оразбаева.
Алайда жас жігітке жасалған жақсы мінездеме оның ауыр айыбын жуып-шая алмайды. Анасының денесін жасыруға көмектескен танысы да жазасыз қалмауы мүмкін. Оны тұтқындау мәселесі әлі шешілген жоқ.