Директорлар өз шағымдарында мердігер ұйымдарды жауапқа тартып, келтірілген шығынды төлетуді, жосықсыз ұйымдар тізіліміне алынуын талап етуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қарағандыдағы құрылыс компанияларының арасында қызмет көрсету және жұмыс кестесін сақтамау жағдайлары кездесіп отырады.
Міндеттемелерді орындамау фактілерінің көптігін бір ұйымның үстінен бірнеше мектеп директорларының шағым түсіріп жатқанынан да аңғаруға болады. Атап айтқанда, екі құрылыс фирмасының үстінен төрт мектептің директоры бірдей шағымданған. Қарағанды қаласындағы №63 және №78 орта мектептердің директорлары «Alash progressive technology» ЖШС фирмасын мемлекеттік сатып алулардың нашар қатысушысы деп танып, келтірілген шығынды өтеуін талап еткен.
Шахтинск қаласындағы балалар музыка мектебі мен Қарағандыдағы №59 орта мектеп те осындай шағыммен сотқа жүгінген, олар «ҚазЕвроҚұрылыс» ЖШС-ны мемлекеттік сатып алулардың жеткілікті орындамады деп айыптап, келтірілген шығынды өтеуін талап еткен. Шағым түсірушілердің арасында «Табыс-Зерде» ЖШС-ны сотқа берген Қарағанды қаласындағы кешенді балалар-жасөспірімдер орта мектебі де бар. Осы мектептің директоры фирмамен жасалған мемлекеттік сатып алулар жөніндегі келісімшартты бұзуды талап етуде.
Шағымдардың барлығы қаралып жатыр. Сот отырыстары басталған. Атқарушы билік бұл фактілер туралы біледі және дауларды реттеудің кінәрат-талаптық тәртібі бойынша жұмыс жүргізілуде — фирмаларға келісімшартта көрсетілген тәртіппен кемшіліктерін реттеуге мүмкіндік беріледі.
Қарағанды қалалық мәслихаттың отырысында Қарағанды әкімінің орынбасары Ирина Любарская мердігер ұйымдар келісім-шарт талаптарын орындамағаны үшін әрбір кешіккен күн үшін келісім-шарт сомасының 0,1 пайызы көлемінде айыппұл төлейтінін мәлім етті.