Жарияланды: 660

Қарағанды облысындағы Шахан ауылының тұрғындары су құбырындағы апат салдарынан соңғы бір апта бойы сусыз отыр

Қарағанды облысындағы қала үлгісіндегі Шахан ауылының тұрғындары су құбыры желісінде болған апат салдарынан соңғы бір апта бойы сусыз отыр. Бұл туралы KZ-today тілшісіне Шахтинск қалалық әкімшілігінен хабарлады.

Апат осыдан бір апта бұрын болған. Аяздан қатып қалған құбырлардың жарылуы салдарынан 41-ықшамаудандағы көп қабатты тұрғын үйлер, 11-17- квартал, Ескі Шахан тұрғынүй массиві мен аурухана қалашығы сусыз қалды. Қарттарды бейімдеу орталығының бас дәрігері Надежда Коробкованың айтуынша, "аурухана қалашығындағы ахуалды жергілікті билік бірден бақылуға алып, үш күннен кейін емхана мен орталық қайтадан сумен қамтамасыз етілді". Алайда, ауылдағы суға қатысты ахуал күрделі күйінде қалып отыр дейді Н.Коробкова. Әкімшілік мәліметіне сәйкес, су құбырындағы апатты жою жұмыстары тәулік бойы атқарылуда. 31-қаңтар, сенбіде 11-17 кварталдағы бір үйде жарылған құбыр ақауы жойылды. Қазір басқа үйлердегі құбырлар жылытыла бастады. Ауылға сырттан су әкелу жұмыстары қолға алынды. Бүгін, 2-ақпанда Шахтинск қаласының әкімі Александр Воробьев Шахан ауылының тұрғындарымен кездеседі. Ауыл тұрғындары қалыптасып отырған ахуал туралы билік өкілдерінің түсініктеме беруін талап еткен. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Шахан ауылында суға қатысты апатты жағдай кейінгі бірнеше жылда белең алып отыр. 2003-жылдың жазында апатқа байланысты су құбыры желісіне ағызынды сулардың жіберілуі салдарынан ауылдың 30 тұрғыны ауруханаға түскен. Қазір тазалық-індет қызметі ауылдағы су сапасына күн сайын дерлік талдау жүргізеді. Ауылда 10 мыңдай адам тұрады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін