Бұл дерекке кері баға берген А.Кулиничтің атап көрсетуінше, «ондай құбылыстардың алдын алу үшін жазалау сипатындағы шараларға басымдық берілуде. Ал бұл өз кезегінде полицияның беделіне нұқсан келтіреді».
Материалдық-техникалық жабдықталу деңгейіне қарай Қарағанды облыстық полициясы республика көлемінде алдыңғы орындардың бірінде екеніне қарамастан, облыстағы жалпы қылмыстық ахуал бұрынғыдай күрделі күйде қалып отыр, ал қылмыстық деңгей ел көлеміндегі жоғары көрсеткіштер санатында. Қылмыспен күрес бағдарламасына бөлінген нақты қаржыландыру көлемі 500 млн. теңге болды. Алайда, депутаттардың пікірінше, «шараның берген жемісі тым мардымсыз». «Қылмыстың залал-зардабымен күрестің орнына қылмыстың алдын алу бағытында белсенді әрекетке көшетін мерзім жетті»,- деді депутаттар.
Мәселен, ІІББ-ның мәліметі бойынша, жастар арасында құқық бұзушылардың молаюына жұмыссыздық басты түрткі болуда. А.Кулиничтің айтуынша, облыс бойынша былтыр 16 мың түлек мектеп бітірген, олардың 12 мыңы түрлі оқу орындарында білім игеруді жалғастырса, мыңнан астамы жұмысқа орналасқан. Ал қалғандары қазір «ұрынарға қара таппай» бос жүр. Бүгінде мектеп бітіруші әрбір 10-11-ші түлек жұмыссыз, оқусыз қалып жатыр. Сондай-ақ, кәсіптік-техникалық мектеп бітіргендердің басым бөлігі жұмыссыздар қатарын толықтыруда.
Бұрынғыдай, қылмыстардың басым бөлігі, соның ішінде кісі өлтіру оқиғаларының 37 проценті мас күйінде жасалуда. Өткен жылы кәмелеттік жасқа жетпеген 14 мыңдай жасөспірім мас күйіндегі әрекеттері үшін жауапкершілікке тартылған. Полиция мекемелері ішімдікке салынып кеткен 9 мың адамды анықтап тіркеп, олардың 2 мыңын мәжбүрлі емдеуге жіберді. Осындай тауқыметтерді шешу — көптеген ұйымдар мен мекемелердің кешенді міндеті, деп атап көрсетті мәслихат сессиясына қатысушылар.