«Маған тағылған айыптардың ешқайсысымен келіспеймін. Мен өзімді халыққа адал қызмет еткендердің қатарындамын деп есептеймін. Бар күш-жігерімді өңірдің өркендеуіне жұмсадым. Халық өзі дұрыс бағалайды деп ойлаймын», — деді Б.Әбдішев сот отырысында.
Айыпталушы өзінің 80 жастағы ауру анасы және кәмелетке толмаған екі баласы бар екенін, оның 11 жастағы кенжесі қант диабеті ауруынан зардап шегетінін айтқан.
«Менде қашып кететін ой болған жоқ. Мұны қаласам, осыған дейін де ізімді суытуға талай мүмкіндік болған. Тергеу ісіне кедергі келтірмеймін. Соттан бас бостандығымнан айырмайтын санкция берулеріңізді сұраймын», — деді Б.Әбдішев.
Ол қала орталығындағы Лобода көшесінде орналасқан үш бөлмелі пәтерді кепілдікке ұсына алатынын жеткізді. Айыпталушының және оның қорғаушыларының өтініші бойынша сот отырысы мемлекеттік тілде өтті. Прокурор айыпталушыны қамауда ұстауды сұрады.
Бұрын хабарланғандай, Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық соты Б. Әбдішевті 2 айға қамау туралы санкция шығарды. Оған ҚР ҚК 307-бабының 4-тармағына сәйкес айып тағылды. Күдікті ретінде Б. Әбдішев 23 қыркүйектен 24 қыркүйекке қараған түні ұсталды.
Еске сала кетейік, Б. Әбдішев Қарағанды облысының әкімі болып 2013 жылдың қаңтарында тағайындалған. 2014 жылы маусым айында қызметінен босатылды. Оның орнын Нұрмұхамбет Әбдібеков басты. Осыған дейін ол Ақтөбе облысының әкімнің бірінші орынбасары болған.