Қарағанды облысының мемлекеттік ұйымдары мен мекемелері 2006-2008 жылдары республикалық бюджет қаражатын атқару кезінде елеулі заң бұзушылықтарына жол берген - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қарағанды облысының мемлекеттік ұйымдары мен мекемелері 2006-2008 жылдары республикалық бюджет қаражатын атқару кезінде елеулі заң бұзушылықтарына жол берген

Қарағанды облысының мемлекеттік ұйымдары мен мекемелері 2006-2008 жылдары республикалық бюджет қаражатын атқару кезінде елеулі заң бұзушылықтарына жол берген

Астана. 14 қараша. "Қазақстан Бүгін" - Қарағанды облысының мемлекеттік ұйымдары мен мекемелері 2006-2008 жылдары республикалық бюджет қаражатын атқару кезінде елеулі заң бұзушылықтарына жол берген, деп хабарлайды агенттік тілшісі Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

  • 14 Қараша 2008
  • 559
Фото - Caravan.kz

Облыстық салық органдары салық және салықтан тыс төлемнің кейбір түрлеріне әкімшілік жүргізу, салық түсімдерін көбейту және жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін толықтырудың қосымша көздерін белгілеу бойынша шараларды қамтамасыз етпеген. Бюджет кірісіне сыртқы жарнама орналастыруға және жер қойнауы туралы ақпаратты қолдануға жалпы сомасы 99,6 млн. теңге болатын төлемақы аударылмаған.

Облыстық кедендік бақылау департаменті «Ларго» және «Магна-55» компанияларына әкелген тауарлары үшін қосымша құн салығы бойынша 2,3 млн теңге және 19,3 млн теңге көлемінде есепке алу ұсынды. Бұл ретте компаниялар шетелдік азаматтарға тіркелген және тіркеу орны бойынша қосымша құн салығы есебінен шығарылып тасталған. Нәтижесінде бюджетке 21,6 млн теңге түскен жоқ.

Облыстық құрылыс басқармасы 2006-2007 жылдары тек Теміртау қаласындағы индустриялық парк инфрақұрылымы құрылысының жобалық -сметалық құжаттамасын әзірлеуге 498 млн теңге жұмсаған. Бірақ аталған нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тасымалдаушылардың нақты жүрген жолдарының көрсеткіштерін аса көтерудің және вагондардың санын өсіріп көрсетудің нәтижесінде 2006 жылы республикалық бюджеттен «Жолаушылар Транс» компаниясы» ЖШС-ға 127,5 млн теңге, «Пригородные перевозки» АҚ-ға 15,6 млн теңге артық төлеген.

Үкіметтің резервіндегі қаражаттар бұрмалаушылықпен пайдаланылған. Мәселен, Шахтинск қаласында және Шахан кентінде үйлерді бұзу және құрылыс қоқыстарын шығару бойынша алдын ала болжанбаған жұмыстарды өткізу үшін 26,4 млн теңге төленген. Сонымен қатар, «SAN-J» ЖШС-ға Шахан кентіндегі шығарылмаған құрылыс қоқыстары үшін 25,1 млн. теңге негізсіз төленген.

Облыстық денсаулық сақтау және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларында жалпы сомасы 7,1 млн теңге болатын бұрмалаушылықтар анықталды. Жезқазған қаласындағы перзентханаға қойылған жалпы сомасы 4,5 млн теңге болатын медициналық құрал-жабдық мамандардың болмауына байланысты пайдаланылмауда. Сонымен қатар, облыстық денсаулық сақтауға қарасты 4 қазыналық кәсіпорын 2007 жылы медициналық құрал-жабдықты уақтылы жеткізбегені үшін жеткізушілерге жалпы сомасы 2,6 млн теңге болатын айыппұл ықпал шараларын талап етпеген.

2007 жылы облыстық клиникалық ауруханаға Германияда шығарылған, сомасы 24,9 млн теңге болатын «AXIOM» рентгенге түсіретін диагностикалық құрал-жабдықтың орнына ҚХР-да шығарылған құрал-жабдық қойылған. Сол жылы «Медтехника» облыстық медициналық орталыққа Германияда шығарылған рентгенге түсіретін диагностикалық стационарлық құрал-жабдықтың орнына шындығында ҚХР-да 2004 жылы шығарылған рентгенге түсіретін құрал-жабдық қойылған. Аталған медициналық құрал-жабдық үлдірдің (пленка) 100 бетімен жабдықталмаған, техникалық паспорты орыс тіліне аударылмаған.

Облыстық білім беру басқармасы жалпы сомасы 20,5 млн теңге болатын трансферттерді пайдалану кезінде бұрмалаушылықтарға жол берген. 2006-2007 жылдары мектептердің физика кабинеттерін құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз ету жүргізілмеген. Жалпы сомасы 10,3 млн теңге болатын көрнекі және басқа да құралдар пайдаланылмауда.

Есеп комитеті Қарағанды облысының әкіміне анықталған бұрмалаушылықтарды жою және қаржылық тәртіпті жақсарту жөнінде шаралар қабылдауды ұсынды. Тиісті мемлекеттік органдарға бұрмалаушылықтардың анықталған сомаларының орнын толтыру жөнінде ұсынымдар берілді.

Есеп комитеті мемлекеттік қаржылық бақылаудың жоғары органы болып табылады, ол республикалық бюджеттің атқарылуына, гранттардың, мемлекет активтерінің, мемлекет кепілдік берген қарыздардың, мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен өз иелігінде қалатын ақшаның пайдаланылуына сыртқы бақылау жасап, бағалау жүргізеді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Соңғы жаңалықтар