Жарияланды: 590

Қарағанды облысының Приозерск қаласында Пушкиннің мүсіні орнатылды

10 маусымда облыс әкімі Серік Ахметов Ақтоғай ауданының Сарышаған кенті мен Приозерск қаласына жұмыс сапары барысында орыс халқының ұлы ақыны Александр Пушкин ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

«Пушкин шығармашылығы - жалпыадамзаттық мәдениеттің қайталанбас құбылысы. Оның ғажап туындылары әлемнің көптеген тілдеріне аударылды, театр мен кинода бейнеленді. Осы орайда Пушкинді алғаш рет қазақ даласына таныстырған ұлы Абай екенін атап айтқым келеді. Содан бері Абай мен Пушкиннің есімдері бір-бірімен біте қайнасып кетті. Пушкин өз кезегінде қазақ фольклорын зерттеді, ал 1833 жылы Оралдан қайтқан сапарында өзімен бірге «Қозы көрпеш – Баян сұлу» поэмасының қолжазба көшірмесін ала кеткен екен», - деді облыс әкімі. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Игорь Баграмов мүсіндеген Пушкиннің бюсті демеушілік қаржыға жасалып, ақын есімін иеленген аллеяға орнатылды. Аллеяда брусчатка төселіп, гүлдер отырғызылды, шамдар мен орындықтар қойылды, субұрқақ салынды. 2013 жылы Пушкин бюстіне қарама-қарсы жерде заңғар тұлғалардың рухани үндестігінің белгісі ретінде ұлы Абайдың (дәл сондай өлшемде және сол автордың орындауында) бюстін орнату жоспарланып отыр. Нысандарды аралап шыққан соң облыс әкімі Приозерск, Балқаш қалалары және Ақтоғай ауданының актив кеңесін өткізді. Аталмыш өңір басшыларының 2011-2013 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарларын орындаудың барысы туралы есептері тыңдалды. Облыс басшысы жалпы аталған өңірлерде жұмыстар белгіленген жоспарларға сәйкес жүргізіліп жатқандығын атап өтті. Дегенмен шешімін таппаған мәселелер де жоқ емес. Ол сондай-ақ Приозерск қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыруға шамамен 13 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінгендігін атап айтты. Салыстыру үшін – бұл Теміртау мен Сәтпаев сияқты қалаларды бірге алғандағы олардың жылдық бюджетін құрайды. Оларда тұратын жалпы халық саны - 249 мың адам. Ал, Приозерск тұрғындары – небәрі 13 жарым мың адам. «Басқаша айтсақ, мұндай бюджетпен тұтас бір жаңа қала салып шығуға болады. Ендігі жердегі біздің міндетіміз - осы қаржыны мақсатқа сай игеру», - деді облыс әкімі. Кеңесте Балқаш пен Ақтоғай ауданы әкімдерінің 2011-2012 жылғы жылыту маусымына дайындық жөніндегі есептері тыңдалды. «Биылғы жылдың қаңтар айында болған оқиғаны бәріңіз жақсы білесіздер. Мұндай жағдайға екінші қайтара жол беруге болмайды. Сондықтан жылыту маусымы басталғанға дейін біз жан-жақты дайындық жасауға тиіспіз», - деп атап айтты өңір басшысы. Облыс әкімі активке қатысушылардың алдына бірқатар міндеттер қойды. Олар, ең алдымен, ҮИИД мемлекеттік бағдарламасына, «Бизнестің Жол картасы - 2020», «Еңбекпен қамту бағдарламасы - 2020», АӨК индустриалдық-инновациялық дамытудың кешенді іс-шаралары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, азық-түлік тағамдарына бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге қатысты болды. Аймақ басшысы Қазақстан Тәуелсіздігінің 20-жылдығын лайықты атап өту шараларына айрықша тоқталды. Облыста, барлық қалалар мен аудандарда арнайы жоспарлар әзірленді, ендігі жерде осы жоспарлардың әрбір тармағының орындалуына, әсіресе әлеуметтік және өндірістік нысандарды уақытында іске қосу, елді мекендерді абаттандыру жұмыстары мүлтіксіз орындалуы тиіс деп қадап тапсырды, деп жазады әкімнің баспасөз қызметі

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін