Қарағандыда алаңдар мен саябақтарды абаттандыруға Т1,4 млрд теңге жұмсалады
Қарағандыда биыл алаңдар мен саябақтарды абаттандыруға Т1,4 млрд бағытталады,деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі. |
«Облыс әкімі Серік Ахметов кеңес өткізіп, онда Қарағандыны абаттандыру жұмыстарының барысы қаралды. Қала әкімі Бауыржан Әбдішевтің баяндауынша, биыл абаттандыру бойынша жалпы сомасы Т1,4 млрд болатын 11 жоба жүзеге асырылады», - делінген облыс әкімінің баспасөз қызметі жұма күні таратқан ақпаратта.
Бұл қаржыға 5 саябақ, 2 алаң және басқа да нысандар абаттандырылады. «Тәуелсіздік алаңын абаттандырудан басқа, жақын маңдағы 6 тұрғын үйдің қасбеттері, шатырлары жөнделіп, балкондарына терезе орнатылады». Вокзал маңындағы алаңда архитектуралық мүсіндерден басқа, Қаныш Сәтпаевтың ескерткіші орнатылады», - делінген хабарламада.
Бұдан басқа, биыл Қарағандыда Қазыбек би мен Қасым Аманжоловтың ескерткіштері орнатылады.
«Сондай-ақ, құрылысы жүріп жатқан Мұз сарайы, Бокс орталығы, Теннис орталығы сияқты спорт нысандарының айналасындағы аумақты абаттандыру жоспарланған. Абаттандыру жобасында жаңа ағаштар отырғызу, гүлзарлар құру, автосуару орнату, аумақты кешенді жарықтандыру жұмыстары қарастырылған», - деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Қала басшылығының ақпаратына сәйкес, жұмыстардың бәрі кесте бойынша жүргізіліп жатыр.
Қарағандыны абаттандыру бағдарламасы 2012 жылы жалғасын табады. Келесі жылы 27 нысанды Т2,6 млрд-тан аса сомаға абаттандыру жоспарланған.
«Шахтерлар даңғылында осы аттас аллея құрылады. «Мәңгілік алау» мемориалдық кешенінің аумағын қайта жөндеу қарастырылған. Жаңа Майқұдықтың мәдениет үйінің алдындағы саябақты абаттандыру көзделген», - деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.
Сонымен бірге, әкімдікте өткен кеңесте «Шахтер» футбол клубы мен «Сарыарқа» хоккей командасының оқу-жаттығу базасы орналастыру бойынша жобалық ұсыныстар таныстырылды.
«Облыс әкімі талқыланған мәселелер бойынша тапсырмалар берді. Ең алдымен, ол бөлінген қаржыны мақсатты пайдалану және жұмыстарды уақытында орындау керектігін айтты», - деп хабарлайды аймақ басшысының баспасөз қызметі.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін