Қарағандыда алаяқтық үшін сегіз риэлтор сотталып жатыр - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қарағандыда алаяқтық үшін сегіз риэлтор сотталып жатыр

Қарағандыда алаяқтық үшін сегіз риэлтор сотталып жатыр

Қарағандыда Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының, Қарағанды, Астана және тағы да басқа қалалардың 180 тұрғынынан алаяқтықпен ақша жымқырған ер адам және жеті әйелдің соты өтіп жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

  • 26 Қазан 2017
  • 220
Фото - Caravan.kz

Алданғандардың көпшілігі Қарағанды қаласына іссапармен келгендер, тағы біразы отбасылық жағдайларына байланысты жалға берілетін пәтер іздеуге  мәжбүр болғандар.

Қарағанды ІІБ Орталық полиция бөлімі тергеушісінің нұсқасына қарағанда, сегіз сотталушы клиенттерінен 8 мың теңгеден ақша алып, баспана беруге дайын пәтер иелерінің нөмірлері жазылған тізімді ұсынып отырған. Олар үш агенттік құрған: «Позитив», «Шығыс» және «Квартирный вопрос».

«Сот алдында отырған Зарина Балкен «Нөкербеков» жеке кәсіпкерлігінің  кеңсесінде маған спектакль қойып берді. Үш адамға телефон соғып, пәтерлерін жалға беріп жіберген бе, жоқ па, соны сұрады. Онан соң телефонды қойып, үш бос пәтер бар екенін айтты. Бірақ алдымен 8 мың теңге талап етіп, жолым болмаса ақшаны қайтаруды талап етпейтіндігім туралы келісімшартқа қол қоюымды сұрады. Мен оған қол қойдым. Күні бойы әлгі үш нөмірге телефон соқтым, олар сөндірулі болды», — дейді жәбірленуші Баян.

Жарты жыл ішінде жоғарыда аталған үш агенттіктің өкілдерін қылмыстық жауапқа тартуды сұрап, 180-ге жуық азамат полицияға жүгінді.

Тергеу нұсқасына орай, сотталушылар материалдық залалдың сомасы небәрі сегіз-ақ мың теңге, ал мұндай ұсақ ақшаға бола құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғамайды деп ойлаған.

Оның үстіне, әккі риэлторлар клиенттердің өздеріне қол қойғызып алған келісімшартты жазаға тартылмаудың кепілі ретінде пайдаланған.


Агенттік директоры Марат Нөкербеков Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігіне («адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, өз қызметін пайдалана отырып, бірнеше рет жасалған алаяқтық») сәйкес айыпталып отыр. Себебі жоғарыда аталған үш агенттік «Нөкербеков» ЖК-ға тіркелген. Жеті әйелге Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 2-бөлігі («адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен бірнеше рет жасалған алаяқтық») бойынша айып тағылды. Олар бостандықта жүр. Әйелдерге қатысты «кепілдікке босату» бұлтартпау шарасы қолданылған.

Еске сала кетейік, «Позитив», «Шығыс» және «Квартирный вопрос» жылжымайтын мүлік агенттіктерінің директоры 2017 жылғы тамызда жалға берілетін баспанаға қатысты алаяқтық ісіне күдікті ретінде ұсталған болатын.  

 

Соңғы жаңалықтар