Ауруы асқынғанда дәрігерлерге көрінген. Жансақтау бөлімінде ем-домның барлығы жасалғанымен, Теміртау тұрғынының бүгін таңертең жүрегі тоқтады. Дәрігерлер марқұм кеселді ел ішінде жұқтырғанын айтады. Енді онымен қарым қатынаста болған адамдар іздестіріліп жатыр.
Бұл туралы Caravan.kz медиа-портлалы КТК арнасына сілттеме жасап хабарлады.
62 жастағы Қарағанды қаласының тұрғыны Теміртаудағы көпқабатты үйде орналасқан кеңседе жұмыс істеген. Қазір нотариустың есігі тарс жабық. Кеңсенің ішіне дереу залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген. Туыстарының айтуынша, марқұм жұмыс орнында соңғы рет 20-шы наурыз күні болыпты. Мерекелік демалыстардан кейін қызуы көтеріліп жұмысқа шықпай қалған. Әуелде жәй тұмау болар деп, үйде емделген. Тек бір аптадан кейін дәрігерге көрініпті.
Қазір науқаспен бір үйде тұрған әйелі, ұлы, қызы мен күйеу баласы және 6 жастағы немересі карантинге алынған. Сонымен қатар үй шаруасымен айналысатын жалдамалы жұмыскер де ауруханаға жатқызылыпты. Марқұм жұмыс істеген кеңсе Теміртаудағы орталық көшеде орналасқан. Бұл жерден арлы-берлі өтетін жұрттың қарасы қалың. Тиісінше, нотариусқа құжаттарын рәсімдеуге кіріп шыққандардың көп екені айтпаса да түсінікті. Нотариусқа жұмыс бабымен жиі келетін Теміртау қаласының тұрғыны өзін жақында науқастың ұлы қабылдағанын айтады. Мына жағдайды естігенде есі кеткен. Жедел желіге хабарласып кеңес сұрағанымен, ондағылар мардымды жауап бермеді дейді. Сондықтан көзімді жеткізуге арнайы келдім деп отыр.
— Соңғы рет мұнда 27-ші наурыз күні болдым. Осы кеңседе бетпердесіз бір жарым сағаттай жүрдім. Одан кейін жұмыс бабымен қанша жерді араладым. Қазір қатты үрейленіп тұрмын. Туған-туыстарым, бір жасқа толмаған балам бар. Жедел желіге қоңырау шалсам, бізде ондай ақпарат жоқ деп жәйбарақат отыр. Қазір өзім сұранып барып тексерістен өтемін.
Дегенмен мамандар науқаспен аралас-құралас болғандарды анықтап, іздестіру жұмысына кірістік деп отыр.