Қарағандыда металлургиялық кремний шығаратын зауыт қайта іске қосылды - kaz.caravan.kz
  • $ 487.73
  • 558.99
+24 °C
Алматы
2026 Жыл
19 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қарағандыда металлургиялық кремний шығаратын зауыт қайта іске қосылды

Қарағандыда металлургиялық кремний шығаратын зауыт қайта іске қосылды

Қарағандыда металлургиялық кремний шығаратын зауыт қайта іске қосылды.

  • 15 Қазан 2014
  • 976
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы «Бәйтерек» ұлттық холдингінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Бәйтерек» ұлттық холдингі Қарағандыда металлургиялық кремний өндірісін қалпына келтіру және қайта іске қосу үшін «Тау-Кен Самұрық» АҚ-ны жаңа стратегиялық инвестор ретінде тартты», — делінген хабарламада.

Жаңа стратегиялық әріптес кәсіпорынды оңалту бойынша бастапқы жұмыстарға 1,4 млрд теңгеден астам қаржы салады, бүгінгі таңда 700 млн теңгеден астам қаржы кәсіпорын қызметкерлеріне еңбекақы төлеуге, техникалық аудит жүргізуге, мүліктік кешеннің сақталуын қамтамасыз етуге, іске қосу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге бағытталады.

Зауытта екі пештің бірі іске қосылды. Жаңа инвестор екінші пешті іске қосып, кәсіпорынның жылына 25 мың тонна дайын өнімді құрайтын өндіріс қуаттылығына шығуды жоспарлауда.

Кәсіпорынның іске қосылуы нәтижесінде кремний шығарудың негізгі шикізаты болып табылатын кварц өндірілетін Ақтас кен орнында тау-кен өндірісі қалпына келтіріледі. «Қазақстан инвест көмір» АҚ Қарағандыда металл кремниін өндіру үшін тағы бір шикізат болып табылатын арнайы кокс өндіруі мүмкін.

Қарағандыда металл кремний шығаратын зауыт құрылысын 2007 жылы Silicium Kazakhstan компаниясы бастады. Құны 165,4 млн АҚШ долларын құрайтын бұл жобаны жүзеге асыру үшін компания құрылтайшылары Қазақстан даму банкінен және өзге қаржы құрылымдарынан қаражат тартты. Өндіріс 2010 жылы іске қосылып, екі жыл жұмыс істеген соң жұмысын тоқтатты. Қазақстан даму банкі алдында келісім шарттарын орындамаған акционерлер өндірісті тоқтатып, ұжымды таратып жіберді. Бүгінгі таңда "Silicium Kazakhstan" ЖШС-нің кредиторлар алдындағы берешегі 230 млн $-дан асады.

2013 жылы цессия келісімшарты шеңберінде бұл жоба проблемалы ретінде Қазақстан даму банкінен Қазақстан Инвестициялық қорына берілді.


«Қазақстан инвестициялық қоры» АҚ мен «Тау-Кен Cамұрық» ұлттық тау-кен компаниясы» АҚ арасында мүліктік кешеннің сақталуын, қызметкерлер құрамын жалдау, өндіріс қуаттылығына техникалық аудит жүргізу, "Silicium Kazakhstan" ЖШС өндірісін қалпына келтірудің техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуді қамтамасыз етумен ынтымақтастық жүргізу туралы келісім бекітілді.

Бұрын хабарланғандай, "Silicium Kazakhstan" басшылығына қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 3-бөлім, 177-бап «Ірі мөлшердегі алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. "Silicium Kazakhstan" бас директоры Александр Сутягинский қазіргі кезде мемлекетаралық іздеуде жүр.

Бұдан бұрын "Тау-Кен Самұрық" АҚ "Silicium Kazakhstan" ЖШС-ін оңалту бойынша бастапқы тартіптемелерге 1,2 млрд теңге қаражат салуға дайын екенін мәлімдеген болатын.