Мемлекеттік меншіктегі нысандарды тамыр-танысына сатқызып, заңды белден басқандар — облыстық қаржы департаментінің бұрынғы басшылары Виктор Иванов пен Нұрлан Нұрғалиев болып шықты. Лауазымды шенеуніктердің аты шулы «Жазғы театрдың» заңсыз сатылуына да қатысы бар екен. Прокуратура олардың үстінен қылмыстық іс қозғап, қазір Қаржы полициясы тергеу жүргізіп жатыр.
Қарағанды облыстық прокуратурасының басқарма прокуроры Рүстем Дүйсенбаевтың айтуынша, “тексеру барысында бұрынғы «Қарағандымебель» деп аталатын мекемеге қарасты жатақхана және облыстық онкологиялық ауруханаға қарасты ғимарат және одан басқа Сарань қаласындағы перзентхана және денсаулық саласындағы басқа да нысандардың заңсыз сатылғаны анықталды”.
Қоғамға дендеген дерттен денсаулық сақтау саласы да сау болмай шыққан. Прокурорлық тексеру нәтижесінде, департамент өткізген тендерде жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың орын алғаны анықталды. Облыстағы 10 қала, 9 ауданды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін «Госфарм» қазыналық мекемесінің қауқары тендер талаптарына мүлдем сай болмай шықты. Бұл аздай, тендердің «жалған жеңімпазы» лицензиясы жоқ бола тұра, тізімге тіркелмеген дәрілерді сатып, көлденең табыс тапқан. Жалған құжаттарға департамент бастығының орынбасары Гүлжаһан Утова қол қойыпты. Екі жеп биге шыққан бике енді жауапқа тартылып жатыр.
Жанқозы Нақышев, Қарағанды облыстық прокуратурасының басқарма прокуроры:
— «Госфарм» қазыналық мемлекеттік мекемесіне 824 миллион теңге бөлінетін болған. Осы бүкіл қаржы бойынша қазір бөлінгені – 320 миллион.Осы заңсыз бөлінген қаржыны қазір қайтадан мемлекеттік бюджетке қайтаруға және өткен тендерді бұзуға шара қарастырып жатырмыз,- дейді.
Заңсыз сатылған нысандарға қатысты іс — қазір экономикалық соттың қарауында. Тамыр-таныстықпен алынған ғимараттар таяуда мемлекет меншігіне қайтарыла бастайды.