Виталий Прокопенко қоғамдық көлікпен көп қатынайды. Екі жұмыстың арасында жиі жүретіндіктен билетке ақша шақ келмейді. Сондықтан тарифті көтеруге қарсы шыққандардың акциясын қос қолдап қолдады. Өйткені қымбатшылық қалтаны қақты дейді.
Виталий Прокопенко, Қарағанды қаласының тұрғыны:
— Тарифтің өсуіне қарсы болғандықтан, депутатқа хабарлама жібердім. Мүмкін жағдайды түсінер деп. Халықтың мұңын ойлап, санасар дегем. Өйткені жалақы аз, зейнетақы да жетісіп тұрған жоқ.
Бірақ халық қалаулылары өздерін сайлаған жұрттың жанайқайын түсінбейді деп түңіліп отыр. Айтуларынша, жолаушы тасымалдайтын кәсіпорыннын шығыны шаш етектен екен. Қымбатшылықтың қыспағына бұлар да түскен көрінеді. Сондықтан тарифті көтеруді бірауыздан қолдады. Ал жолданған СМС хаттар депутаттардың тіпті шамына тиген тәрізді.
Андрей Ляпунов, Қарағанды қалалық маслихатының депутаты:
— Бұл әр адамның мәдениетінің деңгейіне байланысты. Мейлі күні-түні жаза берсін, қоңырау шалсын. Маған бәрібір. Өйткені біз барлығын зерделеп, санап, терең зерттедік те, ақыры осындай шешімге келдік. Келіспеген жұрт сотқа арыздансын.
Депутаттар тарифті көтергенде, әлеуметтік аз қамтылған топ пен соғыс, еңбек және тыл ардагерлеріне жеңілдіктер қарастырдық дейді. Ал Ленинград блокадасына қатысқандар тегін тасымалдансын деп тіпті жомарттықта жасаған. Енді жолаушы тасымалының сапасы қатаң қадағаланып, шалт кетсе шара қолданылады деп сендірді. Мақсатына жеткен автопарк басшылары болса, заңға бағынамыз, елді де көндіреміз мұртынан күліп тарқасты.