Қарағандыда жастар арасындағы теке-тірес адам өлімімен аяқталды - kaz.caravan.kz
  • $ 515.02
  • 604.22
-5 °C
Алматы
2025 Жыл
23 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қарағандыда жастар арасындағы теке-тірес адам өлімімен аяқталды

Қарағандыда жастар арасындағы теке-тірес адам өлімімен аяқталды

Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында жастар арасындағы теке-тірес адам өлімімен аяқталды. Ауыл-ауыл болып төбелестен мезі болған тұрғындар полицейлердің бұған немқұрайлықпен қарап отырғанына қынжылады. Ақыры кезекті кикілжіңде кісі өлгенде жұрт, бұл бейбастықты тоқтату керек деп ашуға мініп отыр.

  • 14 Шiлде 2012
  • 508
Фото - Caravan.kz

Қабірде жатқан жақында ғана әскерден келген — Евгений Иванов. Көрші ауылдан келе жатып, соңына қуғыншылар түскенде көлігімен аударылып опат болыпты. 

Виктор Брайдмаер, Ростовка ауылының тұрғыны:

Көлік терезесінен қару шығарып бізге қарай ата бастады. Оқ доңғалаққа тиіп аударылып кеттік. Досыма қарасам қалшылдап жатыр, көмекке шақырдым. Сол кезде әлгілер келіп, қаруларын кезеніп, ақша мен ұялы телефондарын алып кетті.

Осы апаттан соң Женя үш күн ес-түссіз жатып бақилық болған. Ашуға мінген тұрғындар ауыл арасындағы төбелестерден ығыр болғандарын жарыса айтады. Ымыртта, балаларын көзден таса қылмай, өздері де көшеге шығудан қалған. Ал учаскелік полицейден көмек болмақ түгілі, оның өзі дікеңдеп адам менсінбейді деп отыр олар. Арыз жазылса, қайтып ал, алмасаң артыңа шам алап түсем дейдін көрінеді.

Орынбасар Жаппаров, Ростовка ауылының тұрғыны:

Бұлар әлі өлтіреді бірін-бірі,  мұны тоқтатпаса. Төбелес әлі де болып жатыр. Учаскелік милиция жұмыс істемейді.

Елді ашса алақанында ұстайды деген инспектор жұмыс орнында болмай шықты. Жеке баспанасы саналатын, қоршап алған мына үш үйде де төбе көрсетпеді ол.   Ростовка ауылына ойран салады делінгендер Тегісжол ауылының жастары. Сол апаттың куәсі болған жігіт, ол жерде оқ та атылған жоқ, ешкім мазақ та қылмаған деп отыр.


Салауат Түсіпов, Тегісжол ауылының тұрғыны:

Сол аударылды, балондары жарылды. Бірінші келіп көмек көрсеткеніміз үшін  бізді кінәлі етіп отыр. Ондай ойымызда да  болған жоқ. Оның үстіне мен оларды танимын жақсы.

Бұлардың да айтуынша ауыл аралық төбелестер үйреншікті жайға айналған. Полиция ай қарап, жұлдыз санап отырады. Тек арыз жазылмаса болғаны. Жазғандарын жаңағыдай үркітеді екен. Дегенмен аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталып кеткен.

Жаңатай Сембеков, Қарағанды облыстық ІІД баспасөз хатшысы:

Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан деп былайша айтқанда. Полиция жұмыс істемейді. Ол тек қана полицияның жұмысы емес қой.

Болмаса өзіндік қауіпсіздік басқармасы бар, жеке құрам бойынша инспекция бар. Осыларға өздерінің шағымдарын айтуға болады. Соның қорытындысы бойынша міндетті түрде жауап алатын болады.

Ауыл тұрғындары мына тұрған ішкі істер департаментіне, прокуратураға тіпті президентке дейін хат жолдауға әзір. Өйткені, қой дейтін қожа жоқ жерде, жастары шоқпар жастанып жататын жағдайға жетіпті. Сондықтан ауылдағы басбұзарлардың басынуы мен басшыларының бассыздығы тыйылса деген арман бар оларда.

Перейти к новостям спорта