Журналистерге мәлім болғанындай, төртінші және бесінші курс студенттері оқу төлемінің арттырлғаны туралы хабарламаға қол қоюдан бас тартқан. Осыған байланысты жоғары білім ошағының басшылығы оларды емтиханға жібермеу туралы бұйрыққа қол қойды.
Студенттердің айтуынша, академия басшылығы үкіметтің қаулысы мен денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сілтеме жасаған. «Алайда, заңгерлердің көмегіне жүгіну арқылы біз бұл қаулының жоғарғы курс студенттеріне қатысы жоқ екенін анықтап білдік»,- дейді олар.
Студенттерге таратылған хабарландыруға сәйкес, жаңа оқу жылынан бастап оқу төлемі 1 және 2 курс студенттері үшін қазіргі 80 мың теңгеден 191 200 теңгеге дейін өспек. Ал 3 курс студенттері 103 мың теңгенің орнына 146 мың теңге, 4 курс студенттері 107 мың теңгенің орнына 132 мың теңге төлемек. 6 және 7 курс студенттері үшін оқу төлемі 112 мың теңгеге дейін көтерілді.
Студенттер республика президенті мен үкіметке хат жолдамақшы. Қазір осы жөніндегі мәлімдеме бойынша қол жиналуда. Студенттер сонымен бірге ректордың қатысуымен академия жиналысын өткізуді талап етуде.