Қарақшылар Талғардағы Kaspi Bank бөлімшесінен 40 млн теңге ұрлап кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Кейбір БАҚ Талғар бөлімшесін тонау кезінде Kaspi Bank-тің шығыны туралы ақпаратты асығыс таратқан. Бұл ақпараттың шындыққа сай еместігін, анықталған ақпарат бойынша шығын көлемі 40 млн теңге шамасында екенін хабарлаймыз. Шығын толықтай банктің өз есебінен жабылады. Біз үшін ең маңызды нәрсе — клиенттеріміз бен қызметкерлеріміздің өмірі мен денсаулығы. Қалғаны орны толатын олқылықтар», — деді баспасөз қызметінен. Сондай-ақ, банк басшылығы тонаушылар туралы ақпарат бергендерге 5 миллион теңге беретіндігін жариялаған болатын. «Kaspi Bank 22 тамыз күні Талғар қаласындағы бөлімшеге қарақшылық шабуыл жасауға қатысы бар қылмыскерлерді ұстауға мүмкіндік беретін маңызды ақпаратты ұсынғандарға 5 миллион теңге сыйақы береді. Бұл ақпаратты банктің Қауіпсіздік қызметіне +7 747 388 29 34 телефоны арқылы хабарлауға болады», — деп жазылған хабарламада.
Айта кету керек, кеше Kaspi Bank-тің Алматы облысының Талғар қаласында орналасқан бөлімшесіне қарақшылық шабуыл жасалды. Бейнебақылау камерасына түскен кадрда бетіне бетперде киген екі адам ғимараттың төбесінен түседі. Олардың бірі банк қызметкерлерінің қолдарын байлаумен айналысып жатқанда, екіншісі кассадағы ақшаны сөмкеге сала бастайды. Қарақшылардың қанша ақша алып кеткені әзірге белгісіз. Банктің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, қарақшылық шабуыл кезінде ғимаратта банк клиенттері болмаған. Банк қызметкерлері зардап шеккен жоқ.