Қарасай аудандық соты адам өлтірген күдіктіні бостандыққа жіберді - kaz.caravan.kz
  • $ 448.89
  • 477.93
+18 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қарасай аудандық соты адам өлтірген күдіктіні бостандыққа жіберді

Қарасай аудандық соты адам өлтірген күдіктіні бостандыққа жіберді

Тапа-тал түсте төрт бірдей жеткіншекті көлігімен қағып, біреуін жазым еткен күдікті тек үй қамағына алынды. Мұндай шешімді Алматы облысының Қарасай аудандық соты шығарған. Судья көлік тізгінін ұстаған бозбаланың кәмелет жасына толмағанын ескеріпті. Бірақ,сот шешімімен қаза тапқан қыздың ата-анасы мүлдем келіспейді.

  • 24 Маусым 2011
  • 594
Фото - Caravan.kz

Қайғылы оқиғадан кейін арада алты ай өтсе де, жеті жасар Әнелдің денсаулығы жақсарар емес. Басынан ауыр зақым алған қыздың мұрнынан қан тоқтамайды. Ал апасы Балаусаның қаза болғанын бүлдіршіннің жүйке жүйесіне әсер ете ме деген қауіппен әлі айтпаған. 

Анеля Қинаятова, зардап шегуші:

— Басым қатты ауырады. Ауруханаға апарды. Үйде көзім көрмей қалды, құстым.

Болашақта экономист болуды арман еткен 16 жастағы Балауса  апат орнында тіл тартпастан кеткен. Үйдің қасындағы дүкенге сүтке кеткен қос қызының оқыс жағдайға ұшырағанын бұл отбасына жолшыбай келген адам естіртіпті. Қазір жеткіншек қаза болған жерді әкесі “ел аяғы баспасын” деп қоршап қойған.

Қайғылы оқиға  Достық көшесінде  орын алған. Жоғары жылдамдықпен  келе жатқан “Мицубиси аутлендер” көлігі тек апалы-сіңлі қыздарды ғана емес, жол шетінде келе жатқан ағайынды Нұрсұлтан мен Ерсұлтанды да қағып өткен. Тіпті көлік жүрісінің қаттылығынан  бетон бағаны да  бөлініп қалған.

Ерсұлтан Әбдіғалиев, зардап шегуші:

— Ағам Нұрсұлтан екеуіміз келе жатқанбыз. Сосын ортамыздан дүкеннен шыққан екі қыз өтіп бара жатқан. Сол кезде алдымыздан көлік шықты, мен “Нұрсұлтан, машина” деп айтып үлгерген жоқпын. Одан кейінгісі есімде жоқ.

Осылайша тапа-тал түсте төрт бірдей баланы қаққан көлік тізгінінде  Қаскелең қаласының 17 жастағы Бекболат Ескелдиев есімді азаматы достарымен отырыпты. Алайда істі қараған Қарасай аудандық соты жеткіншектің кәмелеттік жасқа толмағанын алға тартып, оған тек “үй қамауында болады” деген үкім шығарып отыр.


Манарбек
 Хамзин, қаза болған қыздың әкесі:

— Кешірім сұрауға да келген жоқ, бір ауыз сөзде айтпады. Ал сот Қылмыстық кодекстің 82-ші бабына сүйеніп, оны үй қамауында,ата-анасының қатаң бақылауында болады деп шешіпті.

Мәрзия Жамансариева, қаза болған қыздың анасы:

— Соттың бұл шешімімен мен келіспеймін. Абайсызда өлді ме, әлде қасақана өлтірілді ме, бірақ,қызым жоқ менің. Менің баламның өмірін қиюға оның еш қақысы жоқ еді. Қызыл кітапқа енген аңды атса да соттайды. Сондықтан бұл жерде оны өлтірген адамға жай ғана ата-анасының қарауына берілуіне мен келіспеймін.

Тіпті зардап шеккен тараптар алдыңғы күні өткен соңғы сот отырысына шақыртылмай қалғандарын айтады. Сырттай шешім шығарылып, “моральдық өтемақы есебінде 4 миллион теңге айыппұл берілсін” деген үкімді олар адвокаттарынан естіген. Мән-жайды білмек болып, аудандық сотқа бардық.  Бірақ,  “шешім күшіне әлі енген жоқ!”  деп айтқан жауаптылар сұхбат беруден бас тартты. Дегенменәділдік іздеген ата-ана енді облыстық және Жоғарғы сотқа шағым түсірмек.  

Соңғы жаңалықтар