деп хабарлайды орталықтың баспасөз қызметі.
Аталған еңбек көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысовтың туғанына 75 жыл толуына орай шығарылған. Бұл кітапта ел үшін ерекше еңбек еткен ердің ерен тұлғасы сан қырынан айшықты ашылған. Сондай-ақ кітапта Қаратай Тұрысов жайлы елімізге танымал қайраткерлердің, қаламгерлердің тағылымды ой-толғаныстары, әлемдік экономикалық ойдың көрнекті өкілдерінің берген бағалары, жүрек толқытарлық естеліктері, ағамыздың көзі тірі кезінде мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары мен сұхбаттары жинақталған. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ақпарат және мұрағат комитетінің бағдарламасы бойынша шығарылған кітап үш бөлімнен тұрады: тұлға, тағылым, тілек. Кітапты құрастырған елімізге танымал қаламгер Сауытбек Абдрахманов. Таралымы — 2000 дана.
Іс-шара барысында қонақтар назарына Қаратай Тұрысовтың қайраткерлік тұлғасы жайлы 10 минуттық қысқаша фильм көрсетіледі. Сондай-ақ шараға Тұрысовтың зайыбы Әскергүл Жамбайбекқызы Тұрысова, Қазақстан Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын — Фариза Онғарсынова және тағы басқа кісілер қатысып, естеліктер айтады.
Қаратай Тұрысов 1934 жылы ақпанның 2-сінде Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Жасөркен ауылында туған. Мәскеу геологиялық барлау институтын бітірген. Өз мамандығы бойынша еңбек еткен ол бірқатар партиялық жауапты қызметтерді атқарған. Қаражал қалалық, Торғай облыстық партия комитеттерінің хатшысы болды. Кейін бірнеше лауазымды қызметтерде болды. 1984-1986 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы, 1986-1991 жылдар аралығында Бүкілодақтық Кәсіподақтары Орталық Комитетінің хатшысы, 1991 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, ҚР Туризм, дене шынықтыру және спорт министрі, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. КСРО Жоғарғы Кеңесіне екі дүркін депутат болып сайланған. Өмірінің соңғы жылдарында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болған Қаратай Тұрысов заң шығару ісінде де өз қолтаңбасын қалдырды. Елге сіңірген еселі еңбегі үшін оннан астам медальдармен, екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және «Барыс» орденімен марапатталған.
Іс-шараға ҚР Президенті Әкімшілігінің өкілдері, Депутаттық корпус, ҚР Жоғарғы сот өкілдері, Дипломатиялық корпус пен консулдық мекемелер, Министрлік өкілдері, Астана қаласы әкімдігі мен Білім басқармасы, ҚР Жазушылар Одағы, ҚР Журналистер Одағы, Мәдениет және қоғам қайраткерлері, «Нұр Отан» ХДП мүшелері, БАҚ өкілдері шақырылып отыр.