Облыстық білім беру департаментінің мәліметі бойынша, алдағы уақытта патронаттық отбасылар алғаш рет мемлекеттен жәрдемақы алады. Стандартты есеп бойынша, бір балаға арналған ай сайынғы жәрдемақы көлемі қамқорлыққа алынған балалардың саны мен жасына қарай 15-20 мың теңге шамасында болмақ.
Патронаттық қамқорлыққа алынған балалардың басым бөлігі жетімдер үйінде тәрбиеленетін, көбінесе жақын туыстары барлар. Туыстары оларға тұрақты хабарласып, демалыс кезінде өздерімен бірге үйлеріне ертіп алады. Алайда, материалдық қиындықтар оларды асырап алу немесе қамқорлыққа алуға мүмкіндік бермей келген.
Қазіргі жағдаймен Қарағанды облысында 30 патронаттық отбасына 50 балаға арнап квота бөлінді. Мамандардың айтуынша, мемлекеттің патронаттық бағдарламасы жетім сәбилердің тауқыметін шешуге, олардың толыққанды отбасында тәрбиеленуіне жағдай жасайды.
Бүгінде Қарағанды облысындағы балалар үйлерінде 1771 бала тәрбиеленеді.