Еңбекте басым көпшілігі ғылыми айналымға алғаш еніп отырған көлемді құжаттық материалдардың негізінде 1945-50 жылдары Қарағанды облысында болған жапон әскери тұтқындары тарихының проблемалары, оның осыған дейін аз зерттелген тұстары қарастырылған.
«Онда жапон тұтқындарының саны, оларды ұстау жағдайы, азық-түлікпен қамтамасыз етілуі, медициналық-санитарлық қызметтердің сапасы, тұтқындар арасындағы жұқпалы аурулардың түрлері мен өлім-жітім саны, істеген жұмыстарының негізгі сипаты мен ауқымы, репатриация үрдісі сынды өзекті тақырыптар қамтылды»,-дейді жоба авторы, заң ғылымдарының докторы, профессор, «Болашақ» университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков.
1945 жылы соғыстан кейін осында еріксіз жер аударылғандардың саны 570 мың адам болған. Шамамен 22 мыңға тарта жапон тұтқыны Қарағанды облысына жер аударылды.
«Қарағанды облысында жазасын өтеген тек бір ғана Ахико Тецуроның көзі тірі. Біз өзіміздің кітабымызға оның Қарағанды жеріндегі құнды естеліктерін қостық»,-дейді зерттеу авторларының бірі, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұршат Жұмаділова.
Оның айтуынша, жапон әскери тұтқындарының басым бөлігі еліне оралды. Лагерде көз жұмғандардың барлығы Спасск елді мекеніне жерленген. Оларға арналып үлкен ескерткіш мемориал орнатылған.
«Ахико Тецуро есімді кезінде әскери тұтқын болған азамат бүгінде Ақтаста тұрып жатыр. Зайыбы орыс ұлтынан, үш баласы бар. Ол кісіге: «Жасыңыз келді, еліңізді аңсамайсыз ба, отаныңызға қайтқыңыз келме ме?» деп сұраған болатынбыз. Ол кісінің айтқаны: «Мен Қазақстан жеріне өте ризамын. Осы жердің нанын жедім, ғұмырымның қиын жылдары да, жақсы кезеңдері де осы елде өтті, бала-шағам да осында бейімделіп қалған, сондықтан мен өзімнің қалған өмірімді осы Қазақстанменен байланыстырамын»,-деп жауап берді»,-деді Н. Жұмаділова.
Былтыр «Болашақ» университетіне Жапониядан Июми мен Чиаки деген екі студент қыз білім алуға келген. Олар онда қазақ пен орыс тілдерін үйренумен қатар, осындағы жапон әскери тұтқындарының тарихын зерттеп, қолда бар тарихи еңбектерді жапон тіліне аударуға құлықтылық танытып отыр.
Алдағы болашақта университет ғалымдары ҚарЛаг-тың 100 ұлы тұтқыны атты зерттеуді қолға алуды жоспарлауда. Сондай-ақ СтепЛаг пен ҚарЛаг тарихтарына қатысты толымды еңбектер басып шығармақ.
Аталмыш еңбектің тұсаукесер рәсімінде Қазақстандағы Жапонияның Төтенше және Өкілетті елшісі Юдзо Харадаға кітап сыйға тарту етілді. Бұл кітап 11 наурызда Жапониядағы алапат зілзала орын алған тұста жарыққа шыққан. Сондықтан «Болашақ» университеті сатылымнан түскен қаржыны табиғат апатынан зардап шеккен адамдарға көмек ретінде арнайы қорға аударуды шешкен.
Қарағанды қаласының «Болашақ» университеті соңғы 5-6 жыл көлемінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу, олар куәсі болған тарихи оқиғаларға өз бағасын беру жөнінде бірнеше жыл жұмыс жасап жатыр. Бұның алдында университет ҚарЛаг, СтепЛаг, АЛЖИР лагерлерін зерттеп келген болатын. Тарихтан белгілі, жапондық әскери тұтқындар Кеңес Одағының саяси жетекшілігінің шешімімен Қазақстан аумағына, соның ішінде Қарағанды облысына жіберілген болатын. Бұл жерде олар Жезқазған, Балқаш, Қарағанды қалаларындағы әскери тұтқындарға арналған лагерлерге қамалды. Олар өңірде өнеркәсіптік және азаматтық құрылыстарға кеңінен тартылып, көмір өндірісіне, мыс рудасын өндіру және мыс қорыту зауыттарында еңбекке жұмылдырылды. Қарағанды облысындағы жапон әскерлерінің тұтқынға алынған сарбаздары туралы бүгінгі уақытқа дейін аз зерттеліп келді.