Құбырды жаңалау мердігер компаниялардың есебінен жүргізілетін сыңайлы. Бұл өте күрделі жұмыс. Бірақ ауқымды іс басталмай жатып тағы тығырыққа тірелді. Себебі теңіз астына төселетін құбырлар дайын емес. Онысы арнайы тапсырыспен жасалып жатыр екен. Оның үстіне дәнекерлеудің қалай жүргізілетіні әлі нақтыланбаған.Айта кетсек, мұнай бұрғылау былтыр қыркүйекте тоқтап қалған болатын. Ал апаттан көз ашпаған Қашағанның тұралауынан Қазақстан биыл жарты пайыз ішкі өнімнің өсімінен қағылды. Бұл шамамен 2 миллиард доллар. Егер жоспар тағы өзгеріп кетпесе, Қашағаннан мұнай өндіру 2016 жылдың аяғына таяу қайта жандануы тиіс.