Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Атап айтсақ, облыстық Білім басқармасының басшысы ірі көлемде пара алды деген күдікке ілінді. Сонымен қатар, облыстық білім басқармасының күрделі жөндеу және мемлекеттік сатып алу бөлімінің маманы мен ғылыми-тәжірибелік ақпараттық технологиялар орталығының директоры ұсталды. Аталған үшеу пандемия кезінде мектеп оқушылары үшін қашықтан оқытуға қажетті 2 522 ноутбукты мемлекеттік сатып алудан пайда көрген. Жалпы сомасы 406 млн теңгеге бірнеше жеке кәсіпкермен келісім жасаған. Омарова, Меңлібаев және Абдолданова жеке-жеке тергеу абақтысына қамалып, олардан 37 млн 650 000 теңге тәркіленді. Бұл қаражатты басқарма басшылары тендер ұтқан компаниялардан пара ретінде алған.
Осы Алматы облысындағы Талғар ауданының әкімі Серікжан Ерекешев те парамен ұсталды. Шенеуніктің экономикалық қылмыспен қолға түскенін аталмыш аймақтың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі растады. Бір жеті бұрын әлеуметтік желіде әкім, оның орынбасары және коммуналдық-шаруашылық бөлімінің басшысы мердігер компания директорынан 10 миллион теңге көлемінде пара алған деген ақпарат шыққан еді. Қомақты қаржыны аудан шенеуніктеріне мердігер аяқталған жұмыстар актісіне қол қойдыру үшін бермек болыпты. Бірақ осы уақытқа дейін Талғар ауданының әкімдігіндегілер ақпаратты растамай келді. Тек күдікке іліккен мамандар жұмыс орнында жоқ деген мәлімет таратқан еді. Дегенмен, әлеуметтік желідегі ақпаратты құзырлы орган өкілдері рас деді.
«Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пара алу дерегі бойынша Талғар ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Тергеу соты Талғар ауданының әкіміне қатысты "қамауда ұстау" шарасын қолданды. Сотқа дейінгі тергеуге қатысты өзге ақпарат Қылмыстық кодекстің 201 бабының талаптарына сәйкес, жариялауға жатпайды».
Серікжан Ерекешев Талғар ауданына әкім болып өткен жылдың тамыз айында тағайындалған еді. Оның алдындағы әкім қайтыс болғаны белгілі.