Елшіліктің баспасөз қызметінен хабарлауынша, осы жолғы отырысты Қазанда өткізу туралы шешім бекерден-бекер қабылданған жоқ. Биыл Татарстан астанасы мыңжылдық мерейтойын атап өтуде. Татарстан тұрғындарын құттықтау және түркі әлемінің рухани жақындастығы үшін жасалатын алдағы қадамдарды талқылау үшін Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия, Гагаузия (Молдова), Татарстан, Алтай Республикасы, Башқұртстан, Саха-Якутия, Тува және Хакасияның мәдениет министрлері жиналды.
Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне татар зиялыларының қосқан өлшеусіз үлесін атап өткен ҚР мәдениет, ақпарат және спорт министрі Есетжан Қосубаев түркі тілдес мемлекеттерде ТЮРКСОЙ-дың беделі жоғары екенін тілге тиек етті. Ұйымның қолдауымен Қазақстанда халықтың тарихи жадысын қайта жаңғыртуға және елдің тарихи-мәдени мұрасын сақтап қалуға бағытталған көптеген шаралар өткізілуде. Бұл — ТЮРКСОЙ-дың ортақ мәдени құндылықтарды халықаралық деңгейде насихаттауда маңызды роль атқаратынына дәлел болады, делінген баспасөз баянында.
Жиын аясында түркі тілді әлемнің көркемсурет өкілдерінің «Фетхис-2004» атты көрмесі мен «Кападдокиядағы бес күн» атты фотокөрме өткізілді. Көрмеге танымал қылқалам шеберлерімен бірге түркі дүниесінің балғын суретшілері де қатысты.
Сонымен бірге бұл күндері Қазанда қаланың мың жылдық мерейтойына арналған түркі халықтарының «Науруз» атты ҮІІІ халықаралық театр фестивалі өтті. Фестивальде Қазақстан атынан Е.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық драма театры қатысып, Б.Майлин мен Ж.Аймауытовтың шығармалары желісімен қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін спектакль қойды.