Қазандағы саммитке қатысу үшін бүгін Татарстан астанасына Әзербайжан президенті Ильхам Алиев, Армения президенті Роберт Кочарян, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Грузия президенті Михаил Саакашвили, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев, Молдова президенті Владимир Воронин, Ресей президенті Владимир Путин, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонов, Өзбекстан президенті Ислам Каримов, Украина президенті Виктор Ющенко келді. Ал Түрікменстан атынан саммитке вице-премьер Аганияз Акыев қатысады.
Н.Назарбаев Татарстан астанасына алғашқылардың бірі болып келді. Елбасы мінген «Боинг-767» Қаза әуежайына Мәскеу уақытымен 11 сағат 7 минутта келіп қонды. Н.Назарбаев Қазанда екі күн аялдайды.
Саммит барысында 8 түрлі мәселе талқыланады. ТМД органдарын жаңалау және жетілдіруге қатысты мәселелер қаралатын ең басты тақырыптардың бірі.
Сонымен бірге ТМД елдерінің гуманитарлық саладағы ынтымақтастығы туралы келісімге қол қойылады. Онда ұзақ мерзімге есептелген ықпалдастықтың басым бағыттары, принциптері мен түр-сипаттары айқындалады.
Бұған қоса бүгінгі отырыстың күн тәртібінде Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың 20 жылдығына және БҰҰ-ның 60 жылдығына орай
мемлекет басшыларының ТМД -ға қатысушы елдердің халықтары мен бүкіләлемдік қауымдастыққа арнап жасайтын мәлімдемесін қабылдау, 2006-жылды ТМД жылы деп жариялау туралы шешімді талқылау көзделіп отыр.
Сонымен бірге мемлекет басшыларына бірқатар құжаттардың жобасы талқылаусыз қол қоюға ұсынылады. Олардың бәрі де үкімет басшылары мен сыртқы істер министрлері кеңестерінің, сондай-ақ, ТМД экономикалық кеңесінің отырыстарында сарапқа салынған. Атап айтсақ, ТМД елдерінің алдағы жылдарға арналған лаңкестікпен және заңсыз көші-қонмен күрес бағдарламасы, Достастық елдерінің өзара келісілген шекаралық саясаты мен әскери ынтымақтастық тұжырымдамасы, лаңкестікпен және экстремизмнің басқа да зорлыққа негізделген көріністерімен күрес саласындағы ынтымақтастық саясатына қол қойылмақшы.
Саммит шеңберінде бірқатар екі жақты кездесулер өтеді. Атап айтсақ, Н.Назарбаев РФ президенті В.Путин, Украина президенті Виктор Ющенко, Грузия президенті Михаил Саакашвилимен жүздеседі.
Сенбі күні Біртұтас Экономикалық кеңістік форматы бойынша президенттердің кездесуі өтеді.
Мемлекет басшылары Қазан қаласының 1000 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шараларға қатысады.