Қазақ балуандары Лондон олимпиадасында кемінде үш медальді еншілеуге талпынбақ - kaz.caravan.kz
  • $ 504.6
  • 594.27
-2 °C
Алматы
2025 Жыл
26 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақ балуандары Лондон олимпиадасында кемінде үш медальді еншілеуге талпынбақ

Қазақ балуандары Лондон олимпиадасында кемінде үш медальді еншілеуге талпынбақ

Биылғы жылдың басты оқиғасы Лондонда өтетін ХХХ жазғы Олимпиадасы ойындарының басталуына 53 күн қалды.

  • 3 Маусым 2012
  • 534
Фото - Caravan.kz

«ҚазАқпарат» агенттігі дәстүрлі түрде аптаның әр жексенбісінде осы айтулы спорттық шарада Қазақстанның намысын қорғайтын спортшыларды таныстыруды жалғастырады. Осы жолы біз оқырман қауымын Олимпиада ойындарында грек-рим күресінен еліміздің намысын қорғайтын балуандарымызбен таныстырмақпыз.

Классикалық күрес Ежелгі Грекияда пайда болып, Рим империясы тұсында барынша дамыса, грек-рим күресінің қазіргі түрі XIX ғасырдың алғашқы жартысында Францияда қалыптасқан. Ал 1896 жылдан Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілген. Бұл спорт түрінен әлем чемпионаты 1904 жылдан, Еуропа чемпионаты 1898 жылдан бастап өткізіліп келеді. Халықаралық күрес федерациясының негізі 1912 жылы қаланған.

Осы спорт түрінің 60 келі салмақ санатында тұманды Албион елінің боз кілеміне Алмат Кебісбаев шығады. 1987 жылдың 12 желтоқсанында Шығыс Қазақстан облысының Ұржар ауданында дүниеге келген бұл балуанымыз қазіргі уақытта елорда атынан өнер көрсетеді. Ол Қазақстанның бірнеше мәрте чемпионы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, жеңімпазы, Иван Поддубный атындағы Гран-придің чемпионы, Мәскеуде өткен әлем чемпионатының күміс, Ыстамбұлда өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері.

66 келіде Шығыс Қазақстан облысы Ұржар ауданының тағы бір өкілі Дархан Баяхметов белдесуге шығады. 1985 жылы дүниеге келген Дархан Азия чемпионы, Венгрияда өткен Гран-придің жеңімпазы, Қазақстанның бірнеше мәрте чемпионы. Ол елордада өткен Азиялық лицензиялық турнирде Қазақстан құрамасының қоржынына алтын медаль салған болатын.

74 келіде боз кілемге белдесуге шығатын балуанымыз Асхат Ділмұхамедов 1987 жылы дүниеге келген. Дәулет Тұрлыхановтың күрес мектебінде жаттығады. Ол 2011 жылы Ыстамбұлда өткен әлем чемпионатында бесінші орынға табан тіреп, Лондон олимпиадасының лицензиясын еншілеген болатын.

Ал 84 келі салмақ санатында ел намысын қорғайтын Даниял Гаджиев Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында туған. Ол да Дәулет Тұрлыхановтың күрес мектебінде жаттығады. Лондон лицензиясын елордада өткен азиялық турнирде ұтып алған болатын.

120 келі салмақ санатында Нұрмахан Тыналиев ел намысын қорғайды. Жамбыл облысының Шу ауданында дүниеге келген ол әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері. Мәскеу және Ыстамбұлда өткен әлем чемпионаттарында қола жүлдені қанжылаған. Гуаньчжоуда өткен Азия ойындарында чемпион атанған.

«Олмимпиада ойындарына ғаламшардың ең үздік спортшылары барады. Сондықтан да кез келген спортшыны бағаламау ағаттық. Біз барлық спортшыларымыздан да үздік нәтижелер күтеміз. Жоспарымызда кемінде үш олимпиада медалін еншілеу бар. Байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын спортшылардың ешқайсысын да бөле жара айта алмаймын. Өйткені әрбір спортшымыз біздің ең басты үмітіміз» — дейді ҚР грек-рим күресінен ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Мұратбек Қасымханов.

Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера