"Qazaq Digital Mektebi": Ауыл мектептері цифрландыру кезеңіне өтеді  - kaz.caravan.kz
  • $ 475.09
  • 551.06
+22 °C
Алматы
2026 Жыл
2 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Qazaq Digital Mektebi": Ауыл мектептері цифрландыру кезеңіне өтеді 

"Qazaq Digital Mektebi": Ауыл мектептері цифрландыру кезеңіне өтеді 

Жоба 2026 жылдың қыркүйек айында еліміздің жеті өңірінде пилоттық режимде іске қосылады

  • 2 Сәуiр
  • 3
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаевамен кездесіп, ауыл және қала мектептері арасындағы білім алшақтығын азайту мәселесін талқылады. Кездесу барысында «Qazaq Digital Mektebi» инновациялық жобасын қаржыландыру және инвестор тарту тетіктері қарастырылды.

Жоба 2026 жылдың қыркүйек айында еліміздің жеті өңірінде пилоттық режимде іске қосылады. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарындағы шағын жинақты мектептер қамтылады.

Қазіргі таңда жобаның тұжырымдамасы бекітіліп, іріктелген мектептердің техникалық жағдайы зерттелуде. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, білім беру ұйымдарын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және цифрлық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – ауыл мектептеріне арналған оқытуды басқарудың ұлттық цифрлық платформасын енгізу және оны сапалы білім беру контентімен толықтыру. Жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда, ауыл оқушыларының сапалы білімге қолжетімділігі артып, олардың бәсекеге қабілеттілігі күшейеді.

Сарапшылардың пікірінше, бұл бастама елдегі адами капиталды дамытуға серпін беретін маңызды қадам болмақ.