Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрi Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлiм еттi.
«Өздерiңiз бiлесiздер, Елбасымыз осы шараға байланысты Қазақ хандығы туралы сериал түсiру керек деп айтты.
Бiз әрине ол сериалдың сценарийiн жасадық. Өте күрделi дүние. Сондай-ақ, бiзде сериал ғана болмайды, деректi және анимациялық фильмдер де керек. Бүлдiршiндер де өз елiнiң тарихын бiлуi тиiс. Осы шаралардың барлығын шашыратпай, жоғары деңгейде өткiзу — ол бiздiң мiндетiмiз», — деді министр.
Оның айтуынша, ұсыныс тасталған режиссерлiк топтар бар, дегенмен олардың қайсысы жұмысқа тартылатыны анықталған жоқ.
«Режиссер Қазақстан азаматы болатыны — нақ. Рүстем Әбдiрашев өзiнiң жұмыс тобымен жұмыс жасауда. Тағыда бiз Ақан Сатаевқа да ұсыныс бердiк. Кiмнiң сценарийiлiк тобы қызықтырақ, соныкы мiндеттi түрде болады. Оны көркемдiк кеңес шешедi. Қазiр бiз сценарийдiң негiзiн жасадық. Соны бiздiң ғалымдарға талқылауға бердiк. Неге десеңiздер, бұл — өте күрделi дүние. Қателiк жасамауымыз шарт», — дейдi А. Мұхамедиұлы.
Бас режиссер Қазақстаннан болады. Дегенмен басқа да көмекшi режиссерлердi шетелден шақыру жоспарланып отыр. «Неге десеңiздер, Қазақстанда тарихи тақырыпқа сериал әлi түсiрiлiп көрген емес. Көркем фильмдер бар әрине, Ермек Тұрсынов, Сатыбалды Нарымбет, Рүстем Әбдiрашов сынды режиссерлер жасады оны. Бiрақ тарихи тұрғыдан бiздiң Қазқстанда әлi сериал түсiрiлмеген. Сол үшiн бiз бұл жанрға өте мұқият болуымыз керек», — дедi министр.
«Қазақ мемлекеттiлiгiнiң 550 жылдығы тек қана тойлап атап өту үшiн жасалып жатқан ритуалдық мереке емес, ең бiрiншi — Қазақстан Егемендiгiнiң тағы да бiр көрiнiсi, оның тұғырын нығайтатын нақты шара. Сонымен бiрге, тарихқа қатысты көптеген пiкiрлер бар, 550 жылдығы емес, одан асып кеткен деп жатыр. Бiрақ, Хайдар Дулати мен өзге де тарихшылардың деректерiне сүйенiп, бiз 2015 жыл — Қазақ хандығының 550 жылдығы деймiз», — деп түйдi сөзiн А. Мұхамедиұлы.