Қазақ киносы қазір дамудың жаңа толқынының алдында тұр - режиссер Болат Қалымбетов - kaz.caravan.kz
  • $ 517.66
  • 606.49
-4 °C
Алматы
2025 Жыл
20 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақ киносы қазір дамудың жаңа толқынының  алдында тұр - режиссер Болат Қалымбетов

Қазақ киносы қазір дамудың жаңа толқынының алдында тұр - режиссер Болат Қалымбетов

Белгілі кинорежиссер және актер, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Болат Қалымбетовтың пікірінше, қазақ киносы 1990-жылдардың бас кезінде қалыптасқан тығырықтан шықты. Қазір ол дамудың жаңа толқынының алдында тұр.

  • 21 Желтоқсан 2010
  • 908
Фото - Caravan.kz

"Қазақ киносының қарқынды түрде қайта дамуына жастар да, орта және аға буын да шама-шарқынша жұмыс жасап жатыр. Бұл нәтижесіз емес. Елбасының Астанада Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ мен "Tanaris" кинокомпаниясы бірігіп түсірген "Кешіккен махаббат" фильмінің тұсаукесеріне қатысуы соның нақты бір айғағы бола алады. Бұл лирикалық комедия 2011 жылы Қазақстан, Ресей және Франция кинотеатрларында көрермен назарына ұсынылатын болады", — дейді Болат Қалымбетов. Кино өнеріндегі алғашқы қадамын Абдолла Қарсақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» фильмінен бастаған өнер шеберінің "Сардарын" бұған дейін американдықтар сатып алған болатын.

"2010 жыл мен үшін аса табысты болды. Цетком жанрында алғаш рет Серік Өтепбергеновпен бірге 42 сериялы "Айналайын" деген фильм түсіріп жатырмын. "Қазақстан" телеарнасында көрсетіліп жатқан ана тіліміз жайлы бұл кино рейтинг бойынша 1-орында келе жатыр. Онда қаладан ауылдағы атасына келген Әлішер деген баланың қазақ тілін үйренуі фильмге арқау болады. Бізге қазір меніңше, еліміздің ертеңгі күні мен қуанышын айтатын, мұңын-шерін тарқататын үлкен-үлкен фильмдер керек",- дейді биылғы жылы "Секер" мен "Кешіккен махаббат" фильмдерінде басты рольдерді сомдаған актер Б. Қалымбетов.

Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында режиссурадан дәріс беретін тәлімгердің биылғы жылы бітірген 8 шәкіртінің жетеуі "Қазақфильмнен" қысқа метраждық фильмдерге тапсырыс алған. Алдағы жылы енді өзі де 3 жыл бойы дайындалған жеке фильмін түсіруді бастамақ.

"Бұған дейінгі барлық шығармаларым сияқты бұл туындым да қазақтың тағдырына арналады. Ауылда өскен бала болған соң маған елімнің тауы мен даласы, суы мен ауасы ерекше ыстық. Сондықтан оны бизнес үшін емес, ең алдымен халқымның алдындағы азаматтық парызымды өтеу үшін жасаймын. Өнерді өсіретін ең алдымен — талғам. Кинода қазір демократия пайда болды. Не түсірем десең де өз еркің өзіңде. Бірақ елдің мұңын, қуанышын айтатын үлкен фильмдер әлі аздау болып тұр ", — дейді ҚР Еңбек сіңірген әртісі Б. Қалымбетов.


Перейти к новостям спорта