БҚО Қазақ күресі федерациясының президенті Қаймен Есендияровтың айтуынша, турнир Ақ Жайықтың атын асқақтатқан төрт бірдей даңқты спортшының құрметіне өткізілмек. Олар — қазақ күресінен Қазақстанның 1939 жылғы тұңғыш түйе палуаны, кейін Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан Еңсеп Досқалиев, самбодан 1989 жылғы әлем чемпионы Асқар Шайхиев пен оның бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Батыр Қуанышев және қазақ күресінен БҚО-ның бірнеше мәрте түйе палуаны Оралбек Қожагелдин.
Жарыста Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Батыс Қазақстан (әр ауданнан бір адамнан) облыстары және Алматы, Астана қаласының палуандары бақ сынайды. Олар боз кілемге 90 және 90 келіден жоғары салмақта шығады.
Айта кетейік, өзге де бағалы жүлделермен қатар, турнирдің түйе палуаны атанған палуанға 1 млн. теңге табыс етілмек.