Бұл туралы Caravan.kz тілшісі хабарлайды.
Атыраулық Дария Болатқызының жасы небары 17-де. Атырау облысы, Атырау қаласы Тасқала елді мекенінде туған ол, төрт перзенттің ішіндегі ортаншысы екенін айтады.
"Мен қаладағы Тауман Амандосов атындағы орта мектептің 11 сынып түлегімін. Жалпы жылқы малы маған кішкентайымнан, ес білгелі өте қатты ұнайтын. Ауылда туып өскендіктен әжемнің қасында мал сауып жүріп, төрт түлік малға жақын болдым. Соның ішінде жылқы қатты ұнайтын еді. Әкем Берекенов Болат пен анам Жұмағалиева Айсұлу қарапайым, көпбалалы отбасынан шыққан жандар. Әкем механик, анам білім ордасында мұғалім. Бастапқыда ата-анам атбегілік өнерге қарсы болды, себебі атқа мініп шабу немесе атқа бас үйретуде оқыстан болатын жағдайлар көп болады, ат оқыста теуіп қалса, мертігіп қаласың деген қорқыныш болды. Шыны керек ондай жағдайларды да бастан кешкен едім. Десе де ата-анам уақыт өте келе бәріне үйреніп, маған қолдау көрсетті", — дейді Дәрия Болат.
Дәрияның айтуынша ол бұл өнерге небары осыдан төрт жыл бұрын келген.
"Ат мініп жүргеніме 4 жылдай уақыт болып қалды. Ал ұлттық спортқа келуімнің бірден бір себебі — Instagram арқылы атбегі қыз ретінде танылғандықтан, Еркін деген атбегі ағамыз аттың үстінде, ұлттық спортқа қатысасың ба деп ұсыныс тастады. Солай мен өз келісімімді берген соң, жоғарыдағы ағаларымыз маған хабарласып, садақ атуға қатыстыртты. Сөйтіп, Атырау қаласында Өнербек Жанбалаевтың жеке шаруа қожалығында садақ атып дайындалып бастадым", — дейді атбегілікке бет бұрған бойжеткен.
Сонымен бірге ол болашақта осы өнерді кәсіби тұрғыда меңгергісі келетінін жасырмады.
"Әрине, осы спорт түрлерімен кәсіби түрде айналысу сияқты мақсаттарым бар. Яғни, болашақта Ұлттық спортты қолға алып бапкер болғым келеді. Жалпы желіде мені атбегілік өнерім үшін тамашалап бағалап жақсы пікірлер қалдырып жатады. Сол сияқты киноға түсу сияқты арманым да бар. Бұған дейін шақыртулар болды, бірақ дублёр ретінде қатыстым. Алдағы уақытта қазақи киноларда, Томирис сияқты рөлде актриса болып киноға түскім келеді. Жалпы қазақ қыздарының мойнында Әлия, Мәншүк апаларымыз сияқты қайсарлық, өжеттік қазір де бар. Сондай қыздарды қастерлеп, қадірлеймін", — дейді ол.
Сұхбат соңында жас атбегі ер балалар ұсақталып кеткенін, десе де олардың бойынан өжеттік сияқты қасиеттерді көргісі келетін айтты.
"Ер балаларымыз қазіргі таңда ұсақталып кетті, әрине бәрі емес. Сол ер балаларымыз ел қорғайтын өжет, батыл, елімізді қорғайтын қасиеттен айырылмаса екен", — деп сөзін аяқтады кейіпкер.