Жарияланды: 1300

Қазақ қызының есімі рекордтар кітабына енуі мүмкін!

 

Қазақ қызының есімі Гиннес рекордтар кітабына енуі мүмкін. Шахматтан әлемнің үш дүркін чемпионы Жансая Әбдумәлік Индонезияда өткен халықаралық турнирде жеңімпаз атанып, ең жас халықаралық дәрежедегі шебер атанды.

20 жасқа дейінгі қыздар арасында өткен жарыста жерлесіміздің қарсыластарының жасы өзінен бірнеше есе үлкен болды. 11 жасар шахмат шебері алғашқы ойында есе жіберсе де, кейін  бес кездесуде үздік шығып, қалған үшеуінде тең есепке қол жеткізді. Қазіргі уақытта Қазақстан құрамасы сапындағы  бес қыздың екеуі ғана халықаралық дәрежедегі шебер атағына ие болған, егер Жансая Әбдумәліктің ең жас шебер екені нақтыланса, оның есімі рекордтар кітабына енгізіледі. 

Түркияның Сивас қаласында өткен халықаралық велокөпкүндікте Қазақстан жастар құрамасы чемпион атанды.

14 команданы құраған 180 велошабандоздың ішінен отандық жасақ  төрт  кезең бойы көш бастап келді. Қазақстан командасының құрамында Дмитрий Риве, Виталий Зверев, Григорий Штейн, Ерлан Пернебеков, Магомед Мамедов және Шәкір Әділов өнер көрсетті. Сонымен қатар  жеке сынның жалпы есебінде Дмитрий Риве жеңімпаз атанды.

Алматы облысының Ойжайлауында ауыл еңбекерлерінің спартакиадасы өтті. Ұлттық спорт түрінен өткен бәсекеде жорға жарыс, топ және аламан бәйгеде үздік шыққан спортшыларға темір тұлпардың кілті сыйға тартылды.

Сонымен қатар төл өнеріміз - қазақ күресіндегі тұйе балуан да су жаңа темір тұлпарды тізгіндеп кетті.  Балуандар үш салмақ дәрежесінде мықтыларды анықтаған. Ең жеңіл салмақта  жергілікті балуан Айбек Шолпанбековтың шоқтығы биік болды. Ол финалда Талдықорғаннан келген  Айбек Қабдоллаевты ұтып кетті. 74 келіге дейінгі салмақта талдықорғандық Жасұлан Қалиев бірінші орын алды. Ол ақтық сында өзінің командалас әріптесі  Мақсат Кенжебаевты жеңді. Ал түйе балуандар бәсекесінде еліміздің бетке ұстар бірінше балуандары белдесті. Соның арасында сонау оралдан келген Саят Шәмшиев қарсылас шақ келтірмей темір тұлпарды қанжығасына басты. Саят финалда семейлік Мұхит Тұрсыновты қапы қалдырған болатын.

Бауыржан Оспанов, меценат:

- Ауыл шаруашылық күндеріне байланысты осындай  жарыс  жыл сайын өткізіледі. Қазақ күресінен  бес  жыл қатарынан өткізіліп жатыр. Қуантатыны - қазақ күресінің осындай ауылдарда жақсы дамып жатқаны. Қазір  жақсы күресіп жатқан балалардың барлығы осы жарыстың арқасында жақсы нәтиже көрсетуде.

Клубтық Азия чемпионатында бағын сынаған еліміздің «Жетісу» волейбол клубы құрлықтық біріншіліктің қола жүлдесін қанжығасына байлады.

Бес ойынның үшеуінде жеңіске жеткен жерлестеріміз жүлделі орын үшін таласу мүмкіндігіне ие болды. Осылайша  3-орын үшін кездесуде «Жетісу» Вьетнам волейболшыларын 3:0 есебімен қапы қалдырды. 

Берлиннің олимпиадалық стадионында футболдан әйелдер арасында әлем чемпионаты басталды. Осымен  алтыншы  рет өтіп жатқан дүниежүзілік доданы Германия тұңғыш рет қабылдауда.

74 мың адамдық стадионның трибуналарын толтырған жанкүйерлерді алдымен салтанатты ашылу рәсімі қуантты. Әлемнің үздік 16 құрамасы бақ сынайтын бәсекенің шымылдығын Германия мен Канада арасындағы ойын ашты. Бұл матч әйелдер футболындағы көрермендер саны бойынша рекорд жасады. Ал  алаңда тіркелген есеп неміс қыздарының пайдасына - 2:1. Бұл күні тағы бір ойында Франция минималды есеппен Нигерияны ұтты. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін