Авторлар туындының қазақ спортшыларының гимніне айналарына сенімді. Ән алда келе жатқан Олимпиада ойындарына еліміздің спортшыларын рухтандыру үшін арнайы тапсырыспен жазылған.
Әлішер Бұрхановтың орындауындағы бұл әуен жастарға салауатты өмір салтын насихаттап, тыныш заман батырлары, яғни аты жер жарған спортшыларымызды шаршы әлемге паш етпек.
«Бұл әуенді Қазақстан спортының қарашаңырағы — Қазақтың спорт және туризм академиясының басшылығының сұрауы бойынша жаздым. Еліміздің батырларын рухтандыруды көздеп, бейнебаянда әйгілі спортшыларымыздың жеңіске жеткен сәттерін көрсеттік», — деді Ә.Бұрханов.
Жаңа туындының тұсаукесері бүгін Алматыда сағат 20:00-де Dubai Club түнгі клубында өтеді. Шара Қазақ Спорт және туризм академиясы мен «V-АrtStudio» ивент-агенттігінің көмегімен өтпек.
Мерекеге Қазақстан эстрадасының өкілдері Серік Ибрагимов, Әли Оқапов, Айдарбек Рысбек, Айгерім Қалмұратова, Бақыт Бидеш, «Алаш ұлы», Нұрболат Абдулин, Абай Бегей қатысады. Сонымен қатар аты шыққан спортшылар, Олимпиада ойындарының чемпиондары кештің құрметті қонағы болмақ.