«Қазақстан» ұлттық арнасы Қазақстан мен Польша құрама командаларының Әлем чемпионаты алдындағы іріктеу ойынынан кезекті мачтын тікелей эфирде трансляциялады. Біздің ығырымызды шығарған-телекомментаторлар! Бұл неткен сорлылық! Әп дегеннен-ақ Польша құрамасын мақтап, өткен-кеткен тарихын айтып, әсіресе поляк капитаны Роберт Левандовскиді ауздарынан суы құрып жалықпай мақтап, мыжып отырып алды.
Екі сөздің бірі – Левандоски. Екі сөздің бірі поляктар бәрі еуро командаларда ойнайтын перілер. Коментаторларды тыңдап отырып, «осылар польша қазақтары емес пе екен?» деп ойлайсың. Неге екі команданың стратегиясы мен тактикасын, ойындағы өрнегін талдап, талғап отырмайды? Коментаторлар ертерек ойын бітсе, осы тең ойынды сақтап қалсақ деп Қазақстанды бейшара, сорлы дегенді аңғартты.
Біздің қазақ комментаторлары футбол технологиясын жетік білмейді. Футболшылардың шеберлік ерекшеліктерінен хабарсыз. Бар білетіні – футболшылардың өткен-кеткені, ауысқаны-түйіскені, өсек-аяңы, түкке қажетсіз өміртарихы. Ал көрерменге керегі бүгінгі футболдың нақты болмысы: ойын өрнегі, стилі, алаңдағы шеберлік сырлары мен қырлары, командалардың өзіндік тактикалық ерекшеліктері! Мұның бәрін біздің жорналшыларымыз бетін қалқиды да, тереңіне бойлай алмайды! Сөз саптауларынан қой үркеді. Алаңдағы доп теуіп, соққы жасағандарды «шешім қабылдады», «ұйымдастырды» дегенде, олар үшін ұялып, дыбысты баса қоясың. Неге екені белгісіз, қанша жерден комментаторларға сын айтылғанымен бірде-біреуі жөндейін, дұрысын дұрыс демейді-ау сабаздарың!
Ал әлгі аузының суы құрып, табына мақтаған Левадовски не істеді дейсіз ғой. Ол қазақтарды менсінбей, Қазақстан құрамасының қорғаушысы Елдос Ахметовтің ұрып ернін жарып, мұрнын қанатты, капитанымыз Бауыржан Исламханды мойнынан қысып қылқындырды. Енді бір поляк футболшысы жерде құлап жатқан Бауыржанды аяғымен нұқып көргенсіздік көрсетті. Бірақ оған төреші ескертуден басқа ештеңе демеді. Міне, ұлттық арна комментаторлардың пір тұтқан жампоздарының қылығы! Намыс қайда, жігіттер?