Қазақ тілі кітабының авторы бізден кешірім сұрады десек те болады - МС Сайлаубектің продюсері - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
+4 °C
Алматы
2024 Жыл
21 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақ тілі кітабының авторы бізден кешірім сұрады десек те болады - МС Сайлаубектің продюсері

Қазақ тілі кітабының авторы бізден кешірім сұрады десек те болады - МС Сайлаубектің продюсері

Түсініксіз тілде ән айтатын МС Сайлаубектің есімі қазақ тілі кітабына енуі көпшіліктің ашу-ызасын туғызған болатын.

  • 22 Ақпан 2018
  • 666
Фото - Caravan.kz

Бірақ кейін авторлары Қазбек Сағидолда мен Серікболсын Дүйсембай болып табылатын көпшілікке арналған қазақ тілі кітабынан Сайлаубек жайлы сұрақтың алынып тасталғаны белгілі болды.

Кітапқа есімі енгізіліп, қайта алынғаны жайлы Сайлаубектің өзі не ойлайтынын Caravan.kz медиа-порталы редакциясы анықтап көрмек болды.

Дегенмен оның жаңа продюсері Жандос Назарбаев Сайлаубектің уақытының тығыздығына байланысты әзірге сұхбат бере алмайтынын айтты. Есесіне өзі МС Сайлаубек туралы біраз мәліметтермен бөлісті.

— Сайлаубек мырза өзінің қазақ тілі кітабына енгені туралы біледі ме, өзі не ойлайды?

— Ол туралы өзі біледі, хабардар. Оны біз көрсеткенбіз де. Кітап туралы естіп біліп, мән-жайды айтып, түсіндірген болатынбыз. Ол кісінің өзі де аң-таң. Кітапқа енемін деп ойлаған да жоқ. Тестілеудің кітабына енеді деген үш ұйықтаса түсіне де кірмеген жайт. Енді бұл сол кітапты шығарған ағаларымыздың бір кемшілігі шығар. Мүмкін қайдан білесіз ол да Сайлаубекті табынушысы шығар. Не дегенмен мен өзім бұл жай сандырақтық деп ойлаймын. Ал кітапты өз көзіммен көрдім. Бір данасын алғанмын. Астанада достарым, бауырларым бар. Солар маған қызық ретінде жіберген болатын. Негізі ана видеоны түсірген менің достарым болатын. Маған әзіл ретінде жіберген еді. Бірақ қалай тарап кеткені белгісіз.

— Кейін кітаптан алып тастадық деген кезде көңіл-күйі түскен жоқ па, шығармашылық көңіл-күйіне кері әсер етпеді ме?

— Жоқ, ешқандай әсері болған жоқ. Қазір кейбіреулер «ол сіздердің пиарыңыз. Оны өздеріңіз әдейі жасадыңыздар. Атың шықпаса жер өрте, анау-мынау деген секілді нәрселер айтып жатыр. Жоқ, ол біздің тарапымыздан ешқандай ескерілмеген дүние. Біз кітап авторын танымаймыз да. Ол туралы бізге ештеңе айтқан жоқ. Сол кітапқа енгізген кісімен біз сөйлетік. Енді бізден кешірім сұрады десек те болады. Мән-жайды айтып түсіндірді. Кітапқа енгізгісі де келмеген. Мүмкін ол да бір дүниені өзіне қаратқысы келген шығар. Оны айта алмаймыз, ешкім білмейді. Еш әсері болған жоқ. Сайлаубек баяғы қалпы. Жақында өзінің туысқандарына барып келді. Амандасып, жағдайларын білісіп, елін аралап қайтты. Демалысымыз солай өтіп жатыр. Ол кісіге продюсер болып жүргеніме алты ай болды.Осы аралықта біраз дүниелерге қол жеткіздік десе болады. Қазақтың тойы бітпесін. Тойдан бізге көп ұсыныстар түсіп жатыр.

— Соңғы кездері Сайлаубек мырза тек тоймен шектеліп жүрген сияқты, ауқымды концерт өткізу ойда бар ма? Ол кісінің өнеріне табынушылар азайып кеткен жоқ па?

— Жоқ тоймен ғана шектеліп жатқан жоқ. Неше түрлі концерттерге шақырады. Біз енді шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге бар ма дейміз ғой. Сол сияқты шақырған жерлерге мүмкіндігінше бос уақытымызда барып жүрміз. Табынушылары азайып кетті деп айта алмаймын. Неше түрлі жазып жатады. Біреу теріс пікір жазады, біреу оң пікір қалдырады.Одан да өйтпей ме, бүйтпей ма деген секілді. Оларға айтарым қанша дегенмен бір қазақпыз ғой. Қазаққа қазақтың жаны ашымаса кімнің жаны ашиды. Енді бұл Сайлаубек ағаның маңдайына біткен бақ. Ондайды біреу көтере алмайды. Сайлаубек аға көтерді. Қарапайымдылығын сақтап жүр. Қазір түзу жолда деп айтсам да болады.

— Әр продюсердің бірінші кезекте табыс табуды ойлайды. Сіз Сайлаубектен үміт күтесіз бе?

— Әрине ол кісінің жасын сыйлаймыз, басын сыйлаймыз. Мен қазір ол кісіге қатты көңіл бөлудемін. Аллаға шүкір менің табысым өзіме жетеді. Мен ол кісіні тек теріс пікір айтып жүрген адамдардың көзіне дәлел ретінде ғана жұмыс жасап жатырмын. Түзеп жатырмын деп айтсам да болады. Біраз жерге жеткізгім келеді. Эстрадаға араластырғым келеді. Қазір өзінің түсініксіз тілдерінен бөлек кәдімгі қазақ тілінде орындайтын ән жазып жатырмыз. Жақын аралықта жарыққа шығаруымыз мүмкін. Бейнебаян түсіруіміз де ықтимал. Сондай-ақ қазақ эстрадасының әншілерінің бірімен дуэт жазылып жатыр. Оны әзірге айта алмаймын. Ол дуэт те жақында жарыққа шығады.

— Сайлаубек мырзаның қазір жасы нешеде, жалпы үйлену немесе өздеріңіз жар табуға көмектесіп жіберу ойда бар ма?

— Жасы қазір 50-ге таяп қалды десе де болады. Жалпы ол кісімен өзім сөйлескен кезде «үйлендірсең қарсы емеспін» деп айтқан сөзі бар еді. Оған енді Алла бұйырса болашақта көре жатармыз.