«Қазақ тілін білмейтін әкім қызметке тағайындалмайды» - БАҚ-қа шолу


«Еліміздегі моноқалалардың тізіміне енген мекендердің бірі - Құлсары. Оған аудандық маңыздағы қала мәртебесі берілгелі он бір жылға аяқ басты. Қала әкімі Шәкір Кейкіннің айтуынша, еліміз тәуелсіздік алғалы бері Құлсары тұрғындарының саны 30 мыңнан 54 мыңға дейін көбейген», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Атырауға айрықша қолдау қажет» деген тақырыптағы мақаласында. азір Құлсарыда 54 мың адам тұрады. Бұл - Жылыой ауданы халқының 73 пайызы. Бірақ шаһар деген атауы болмаса, әлеуметтік сипаты әлі бұрынғы қалпынан жақсара қойды деу қиын. Сол себептен, енді Құлсары да өзге шағын қалалар секілді мұнай-газ өнеркәсібі, не өзге бір саланың ғана дамуына тәуелділіктен арылып, жан-жақты өркендеуге бет бұратын болады. Премьер-Министрдің орынбасары Қырымбек Көшербаев Атырау облысындағы Құлсары қаласының тыныс-тіршілігімен танысқан соң осыны мәлімдепті.

***

«Экспресс К» газетінің жазуынша, Қарағанды қаласында терезе желдеткішінен кіріп құттықтайтын Аяз аталар пайда болыпты. Олар қалалықтарды Жаңа жыл мерекесімен есіктен емес, желдеткіштен кіріп құттықтауды жөн көріпті. Мұндай құттықтаудың құны 20 мыңнан 80 мыңға шарықтайтынына қарамастан-ақ сақалды ақсақалға тапсырыс беретіндердің қарасы қарақұрым көрінеді. Мақала тақырыбы - «Дедушку заказывали?».

Осы басылымның жазуынша, «Саяси шешімдер институтының сарапшылары 2012 жылы қазақстандықтардың жадында жатталып қалған оқиғаларды анықтауға тырысып баққан. Сауалнама 10-15 желтоқсан күндері Қазақстанның 16 қаласында 2312 респонденттен алынған. Сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі маңызды оқиғалар қатарында Мемлекет басшысының жыл сайынғы дәстүрлі Қазақстан халқына Жолдауы мен «Арқанкерген» шекара бекетіндегі қанды қырғынды атап өткен.