Қазақ тіліндегі кітаптарды шығарып қана қоймай, олардың сапасына және өміршеңдігіне мән беру керек –Р.Алшанов - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+23 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақ тіліндегі кітаптарды шығарып қана қоймай, олардың сапасына және өміршеңдігіне мән беру керек –Р.Алшанов

Қазақ тіліндегі кітаптарды шығарып қана қоймай, олардың сапасына және өміршеңдігіне мән беру керек –Р.Алшанов

Бүгінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен республикамыздың Жоғары оқу орындарындағы (ЖОО) қазақ тіліндегі оқулықтардың санын арттыру, сапасын жақсарту мәселесі қолға алынды.

  • 9 Маусым 2011
  • 886
Фото - Caravan.kz

Осы орайда Қазақстанның Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, «Тұран» университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы Рахман Алшановпен сұхбаттасып, қазақ тіліндег шыққан және шығып жатқан оқулықтар жайлы сұрап-білдік.

— Рахман Алшанұлы, қазақ тіліндегі қазіргі оқулықтардың жай-күйі қандай?

— Еліміздің жоғары оқу орындарындағы қазақ тіліндегі оқулықтар мәселесі көп жылдар бойы күн тәртібінде келе жатыр. Ол бұрыннан бері айтылып келе жатқан өзекті мәселелердің бірі. Кеңес Одағы кезінде Жоғары оқу орындарында қазақ бөлімдерінің саны аз болды. Негізінде қазақша оқыту тіл, журналистика, тарих сияқты мамандықтармен ғана шектелді. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін қазақша оқитын мамандықтардың саны барлық сала бойынша ұлғайды. Қазір қазақ бөлімінде 700 мың бала оқиды. Бұрын ЖОО-ларда білім алушылардың 20-30 пайызы ғана қазақша оқитын еді, қазір 50 пайызға жетті, болашақта 60-70 пайызға жетеді деген болжам бар, тенденция осындай.

Ал оңтүстіктегі өңірлерді алатын болсақ, оның ішінде Қызылорда, Шымкент, Оңтүстік Қазақстан, Тараз, Алматы, Алматы облысы, Жамбыл облысы бойынша қазақ тілінде оқытатын бөлімдер 80-90 пайыздан асады. Яғни, жаппай қазақша деуге болады. Басқа қалаларда да, Атырауда да қазақша бөлімдер көбейді. Республика бойынша ЖОО-ларда қазір 50 миллион кітап бар. Олардың ішінде бар болғаны 8 миллионға жуығы ғана қазақ тілінде, яғни 11 пайыз. Бұл өте аз. Ал қазақ тіліндегі оқулық саны кем дегенде 25-30 миллион болуы керек.

— Қазақ тіліндегі оқулықтарды жазу жұмысы барысында қандай мәселелер туындауда?

— Қазақ тіліндегі оқулықтардың жетіспеуінде бірнеше мәселе жатыр. Бірде қаражат болмады, бірде ғалымдарымызға деген сенбеушілік болып, кім жазады, қалай жазады деген сұрақтар тұрды. Жалтақ болдық. Ал бүгінде ол мәселелер артта қалды десек те болады. ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов қазақ тіліндегі оқулық мәселесін мықтап қолға алды. Бірінші рет бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, мемлекеттік тілдегі оқулықтар санын ұлғайтуды алға шығарды. Республикада тендер жариялап, еліміздегі барлық ЖОО-лардан қандай оқулықтар қажет екендігі жөнінде сұралды, олардың барлығы жауап берді. Белгілі болғанындай, ЖОО-ларда оқытылатын он мың пәннің арасында 4 мың пәнде қазақ тіліндегі оқулық жоқ екен. Ал қазір оқу жүйесінде кредиттік технология бар. Яғни, студент өз бетінше дайындалуы керек. Оқулық жоқ. Интернетте де қазақ тіліндегі мағлұматтар жеткіліксіз. Студент немен дайындалады деген мәселе туады. Осының бәрін межелей келе, қазақ тілінде электронды кітапхана аштық. Кейбір мамандықтарда 20-30 адам оқиды. Олардың бәріне кітап шығара алмайсың ғой, сондықтан оларға электронды жүйе тиімді. Биылдан бастап тендер ұтқаннан бері қазақ тілінде кітаптар шығару ісі қолға алынды да, жүйелі түрде кітап шығарыла бастады.

— Мамандарды іріктеу жұмыстары қалай жүзеге асты? Кітапты кімдер жазады?

— Осы жұмыс қолға алынғаннан кейін әрбір ЖОО-мен тікелей жұмыс істедік. Әрбір ЖОО-да өздерінің әдістемелік орталықтары, кафедралары, деканат пен Ғылыми кеңес жұмыс істейді. Солардың барлығы қатысып өздерінің ғалымдары арасынан «кімдер оқулық жаза алады, кімнің қолынан келеді, кімде оқулық жазылды, бірақ шықпай қалды» деп таңдау жүргізіліп, тізім жасалды. Алғашында бүкіл республика бойынша қай пәннен оқулықтар жетіспейтіндігі жөнінде деректер жинадық. Сол деректердің ішінен 300-ге жуық пәндерді алып, «бұрын жазылмаған, бүгінде қажет оқулықтарды таңдаңыздар» деп қайта жібердік. Әр ЖОО қайта таңдады. Жазатын мыналар деп ұсыныстарын білдірді. Биыл 130 кітап жазылуы керек болатын. Содан келіп түскен ұсыныстардың ішінен екшеп 130 оқулықты бердік, оны барлық ЖОО мақұлдап, министрлік бекітті. Осылайша жоспарға 130 оқулық бекітіліп, сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Оған республикадағы барлық ЖОО-лар қатысты. Авторлық ұжымдарды, белгілі үлкен ғалымдардың еңбегін алдық. Бұрыннан оқулық жазып, еңбек тәжірибесі бар ғалдымдар, ғылым кандидаттары, доценттер.

— Осы уақытқа дейін жарық көрген кітаптар бар ма?

— Осы уақытқа дейін 15 кітап жарық көрді, оқулықтар шыға салысымен ЖОО-ларға таралып та үлгерді. Олар техникалық, компьютерлік технология, физика, химия, журналистика, тау-кен, электроэнергетика, менеджмент, мал-азығын өндіру, шетел әдебиетінің тарихы, логика мамандықтары бойынша шығарылған әртүрлі оқулықтар. Барлық университетті қамтып отырмыз.

Өте көп пәндерден оқулық жетіспейді. Әр жоғары оқу орындарының өздері шығарған кітаптары бар, алайда олардың таралымы өте аз. 100-200 данамен шығады да сол университеттің аясында қалып қояды. Қазір кітаптарды әр университеттің сұранысына қарай барлығына жеткілікті етіп таратып жатырмыз.

-Орыс тіліндегі кітаптарды, батыстан келген шетелдік әдебиеттерді аудару қолға алынған ба?

— Әр университеттен бұл салада сұраныс бар. Министрлік сол бағытта келесі жылға тапсырма дайындап жатыр, қаражат бөлмек, әр университеттен ұсыныстар түсіп жатыр. Бұл өте күрделі процесс. Шетелдік авторлардың келісімі керек, авторлық құқықты қорғауға тура келеді. Шетелдік авторларға хат жазып, келісімін алып жатырмыз. Авторлық құқығын сататын адамдар кездеседі.

-Ал, студенттер электронды кітапты қайдан оқи алады?

— Министрліктің бұйрығы бойынша республиканың ірі ЖОО-ларындағы кітапханаардың басын қосып, электронды кітапхана аштық. Кітапханадағы кітаптардың барлығы скенерлерден өткізіліп, электронды кітапқа айналдырылады. Әрбір кітапқа кем дегенде 3-4 күн уақыт кетеді. оны осы кітапханаға қосылған ЖОО-лардың студенттері ғана оқи алады, тек соларға ғана рұқсат берілген.

— Қазақтандық авторлардың кітап жазуға деген ынтасы қалай?

— Негізінен ұстаздарды ынталандырып отыру керек. Мұғалімідердің жұмысы қиын, сабағы бар, консультациясы бар. Университет басшылығы ұстаздарды кітап жазуға материалдық қолдау көрсетіп, ынталандыратын болса, кітап жазуға көптеген ғалымдар келісетін еді. Мәселен, оларды шығармашылық демалысқа жіберіп, қаламақы беру керек. Біз қазір кітап жазушы ғалымдарға қаламақы төлеп, оқулықтарды тегін шығарып жатырмыз. Бұрын ғалымдар оқулық шығару үшін қаражатты өз қалталарынан шығарып келген болса, қазір оның бәрі тегін. Биыл министрліктен 137 миллион теңге бөлінеді деп шешілген болатын. Қазір ЖОО-лардағы ұстаздар алғыстарын білдіріп жатыр. Міне, жыл соңына дейін 130 кітап шығарамыз деп, сонымен жұмыс істеп жатқан жайымыз бар. Оның 15-і қазіргі таңда шығып үлгерді, 15-і баспаханада, тағы біразы рецензенттерде жатыр. Жұмыс белгіленген кесте бойынша жүріп жатыр. Біз қазақ тіліндегі кітаптарды шығарып қана қоймай, олардың сапасының жоғарлығына және өміршеңдігіне де көңіл бөлудеміз.

Соңғы жаңалықтар