«Мемлекеттік және орыс тілдерін қатар білуге ұмтылу қажет, бұл еліміздегі тұрақтылық пен өзара құрмет-ілтипаттың себепшісі бола алады»,- деп мәлімдеді Н.Назарбаев бүгін Қазақстан халықтары ассамблеясының кезекті 12- сессиясында.
«Мемлекеттік тіл — елдің туы, әрұраны мен елтаңбасы секілді Отанымыз бастау алатын нышандардың бірі. Ол мемлекеттегі барлық азаматтарды біріктіруге тиіс»,- деді Н.Назарбаев. «Біз бірақ мемлекеттің тіл саясатының мән-маңызын қоғамға тереңірек түсіндіруге тиіспіз: дүниежүзінде көп ұлтты елдер баршылық. Бірақ осы елдерде мемлекеттік тілді білмейінше, онда тұрып жұмыс істеу мүмкін емес»,- деп пайымдайды ол. «Біз тіл мәселесін еліміз тұрғындарының тілге қатысты сұраныстарын ескеру негізінде өркениетті жолдармен шешуге талпынамыз. Бірақ, тілдер туралы алғашқы заң 17 жыл бұрын қабылданғанын ескерсек, ал осы мерзімде еліміздегі 16 өңірдің тіпті тең жартысында да іс қағаздары мемлекеттік тілге көшірілмегенін ескерсек, қазақ тілінің еліміздегі ахуалы айқындала түседі»,- деді президент.
Осыған байланысты ол үкіметке қазақ тілін білетін қазақ емес мемлекеттік қызметкерлерді материалдық тұрғыда ынталандыру жөніндегі ұсыныстарды бір айда дайындауды тапсырды. «Ал қазақтар мемлекеттік қызметте жұмыс істеу үшін мемлекеттік тілді білу міндетті түрде талап етілуге тиіс»,- деді ол. Бұған қоса үкіметке тілдерге қатысты бағдарламаны қайта қарау, мектептер мен мекемелерге қазақ тілін үйренуге қомақты қолдау көрсету, әдістемелер мен оқулықтар шығару, оқытушы мамандарды дайындау, орыс-славян бірлестіктерге мемлекеттік тілді үйренуге арналған дәрістерді ұйымдастыруға қолдау көрсету тапсырылды. «Бұл бастаманы басқа да ұлттық-мәдени орталықтар қолдаса нұр үстіне нұр болар еді»,- деді президент.
Мемлекет басшысы мектептердегі кейбір пәндерді, мәселен, қазақ әдебиетінің тарихын орыс және қазақ тілдерінде біруақытта оқыту қажет деп пайымдайды. «Сонымен бірге физика, математика, химия сынды жаратылыстану пәндерін қазақ тілінде оқытатын мерзім жетті»,- деп санайды президент.
Сонымен бірге мемлекет басшысының айтуынша, орыс тілін жаппай білуден де бас тартуға болмайды. «Орыс тілі болашақта да біздің бәсекелестік қабілетіміздің факторы болып қала береді. Миллиондаған қазақтар үшін орыс тілі қазіргі заманғы ақпараттық кеңістікті кеңейте түсетін фактор болып қала береді»,- деді президент.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті