Бұл туралы белгілі саясаткер Мұхтар Тайжан әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
«Кәрім Қажымханұлы Мәсімов (ҰҚК), Ерлан Заманбекұлы Тұрғымбаев (ІІМ), Ғизат Дәуренбекұлы Нұрдәулетов (Бас прокуратура), біз сияқты қарапайым азаматтарға түсіндіріңіздер, күні бүгінге дейін Қазақстанда "Ұлттық азат ету" қозғалысы ұйымы қандай себептерге байланысты жұмыс істеп тұр? Олардың негізгі мақсаты – Қазақстанның тәуелсіздігін және территориялық тұтастығын жою. Бұл ұйымның Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында кеңселері бар. Олар ашық түрде ұйымға адамдар жинайды. Нұр-Сұлтандағы мекен-жайы (Сығанақ к-сі, 19. Ал Сығанақ 20 мекен-жайы) – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратында. Кәрім Қажымханұлы, сіздерге көрші орналасқан. Мұндайға қалай жол беруге болады? Ал Ұлттық азат ету қозғалысы ұйымының басшысы – ресейлік депутат Федоров!» — деп жазған Мұхтар Тайжан.
Еске салсақ, ресейлік депутат Никонов "Қазақстан жері — Ресей мен Кеңес Одағы тарапынан үлкен сыйлық" деп мәлімдеген болатын. Қазақстанда ресейлік депутаттың мәлімдемесі үлкен қоғамдық резонанс тудырды.
Қазақстан СІМ Никоновтың сөзіне байланысты наразылық білдірді. Ресейдің уақытша сенімді өкілі Александр Комаров министрлікке шақырылды. Сыртқы саясат ведомствосының позициясы бар нота ресейлік дипломатқа берілді. Ал олдан Никоновтың әріптесі Евгений Федоров мәселені одан бетер ушықтырып жіберді.