"Қазақатомөнекәсібі" ҰАК SMB Computers компаниясымен ешқандай іскерлік байланыстар орнатқан емес - kaz.caravan.kz
  • $ 443.35
  • 475.54
+4 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Қазақатомөнекәсібі" ҰАК SMB Computers компаниясымен ешқандай  іскерлік байланыстар орнатқан емес

"Қазақатомөнекәсібі" ҰАК SMB Computers компаниясымен ешқандай іскерлік байланыстар орнатқан емес

"Қазақатомөнекәсібі" ҰАК SMB Computers компаниясымен радиациялық материалдар саудасы түгілі, басқа да кез-келген сауда-саттық саласында ешқандай іскерлік байланыстар орнатқан емес. Бұл туралы KZ-today ақпараттық агенттігінің ресми сауалына "Қазақатомөнекәсібі" ҰАК тарапынан берілген жауапта айтылған.

  • 19 Ақпан 2004
  • 480
Фото - Caravan.kz

«Қазақатомөнекәсібі» ҰАК-ның ресми хатында атап көрсетілгеніндей, ұлттық атом компаниясында қазіргі таңда қолданылып отырған есептеу-қадағалау жүйесі шеңберінде ядролық материалдарды жасырын сыртқа шығаруды жүзеге асыру мүмкін емес. Барлық ядролық материалдарды тексеру Халықаралық Атом энергетикасы жөніндегі агенттіктің (МАГАТЭ) бақылауы аясында өткізіледі.

Сондай-ақ, хатта атап көрсетілгеніндей, ядролық материалдарды саудалауға лицензия беру компанияның құзыретіне жатпайды. «Осыған байланысты біз аталмыш мәселеге қатысты сауалды ҚР энергетика және минералды ресурстар министрлігінің атом энергетикасы комитетіне жолдауларыңызды сұраймыз»,- делінген хабарламада.
Бұдан бұрын да хабарлағынымыздай, АҚШ әкімшілігі Қазақстанда филиалы бар SMB Computers халықаралық компаниясын Иран мен Ливияның ядролық бағдарламалары үшін республикадан контрабандалық жолмен уран шығарушы күдікті ретінде танып отыр. Бұл туралы Ақ үйге сілтеме жасай отырып Arizona Daily San газеті хабарлады.
Басылым ақпаратына сәйкес, SMB Computers халықаралық компаниясының қожайыны Шри-Ланкалық Бухари Сайед Абу Тахир есімді кәсіпкер көрінеді. Дубаи қаласында құрылған бұл компания Epson, Palm, Acer және Samsung жабдықтарын сатумен шұғылданған. Сондай-ақ, SMB Computers компаниясы Hewlett Packard-тың ТМД елдеріндегі дистрибьютері болып табылады.
АҚШ әкімшілігінің ақпаратына сәйкес, компания — АҚШ тарапынан ядролық қару таратты деп айыпталып отырған Ливия, Иран және Пәкістанның үлесімен құрылған шағын кәсіпорындарды біріктірген ірі желінің бір құрамдас бөлігі.
Өткен аптада АҚШ президенті Бухари Сайед Абу Тахирді аталмыш жасырын желінің қаржылық іс-қызметін басқарушы ретінде «өзінің компьютерлік компаниясын бетперде етіп пайдалану арқылы» тыйым салынған жүктердің тасымалын үйлестірумен, арам ақшаны ақтаумен айналысқан деп айыптады. Ал жалпы жасырын желінің басшысы ретінде Джордж Буш Пәкістанның ядролық бағдарламасының негізін қалаушы ядролық физика маманы, ғалым Абдулла Кәдір Ханды атады. Ол Иран, Ливия және Солтүстік Кореяға ядролық технологияларды таратушы айыпкер ретінде танылған болатын.
АҚШ президентінің мәлімдемесіне сәйкес, SMB Computers компаниясының қарамағындағы компаниялар заңды бизнеспен айналысушы компанияларды алдап-арбау арқылы тыйым салынған материалдардың саудасына итермелеген.
АҚШ әкімшілігінің ақпаратына жүгінсек, қазір Бухари Сайед Абу Тахир АҚШ-тан Біріккен Араб Әмірліктеріне қоныс аударған.
Қазір KZ-today ақпараттық агенттігі аталмыш іс бойынша дербес тексеру жүргізуде. ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті, ҚР СІМ, ҚР индустрия және сауда министрлігінің атом энергетикасы комитетіне ресми сауал жолданды.

Соңғы жаңалықтар