"Қазақатомөнеркәсібі" ҰАК 2002-жылы дүниежүзіндегі уран өндіруші компаниялар арасында 4-орынды иемденіп, әлемдік мөлшердің 8 процентін өндірді - kaz.caravan.kz
  • $ 515.89
  • 536.32
-11 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Қазақатомөнеркәсібі" ҰАК 2002-жылы дүниежүзіндегі уран өндіруші компаниялар арасында 4-орынды иемденіп, әлемдік мөлшердің 8 процентін өндірді

"Қазақатомөнеркәсібі" ҰАК 2002-жылы дүниежүзіндегі уран өндіруші компаниялар арасында 4-орынды иемденіп, әлемдік мөлшердің 8 процентін өндірді

Дүниежүзілік ядролық Қауымдастықтың (World Nuclear Association, Лондон) 2003-жылдың 15-қыркүйегінде елімізге жолдаған жыл сайынғы есебіне сүйенсек, "Қазақатомөнеркәсібі" Ұлттық атом компаниясы дүниежүзіндегі уран өндіруші компаниялар арасында 4-орынды иемденген. Уран өндіру жөнінен әлемдегі маңдай алды үштікке Францияның "Cogema" (19%) , Канаданың "Cameco" (17%), Австралияның "ERA" (11%) компаниялары қамтылып отыр. Ал 2002-жылғы қорытынды бойынша Қазақстандық компания дүниежүзілік мөлшердің 8 проценті шамасында, басқаша айтқанда, 2800 тонна уран өндірді. Сөйтіп, уран өндіру мөлшеріне қарай "Қазақатомөнеркәсібі" ҰАК 2001-жылғы көрсеткішпен салыстырғанда бесінші орыннан бір саты жоғары көтерілді. Бұл туралы KZ-today тілшісіне "Қазақатомөнеркәсібі" ҰАК-ның баспасөз қызметінен хабарлады.

  • 16 Қыркүйек 2003
  • 641
Фото - Caravan.kz

Компания қазіргі таңда Обанас, Шығыс Мыңқұдық, Қанжуған, Оңтүстік Мойынқұм, Солтүстік Қарамұрын тәрізді ескі кеніштерді игеріп, Оңтүстік Қарамұрын және Оңтүстік Мойынқұм тәрізді жаңа кеніштерді өнеркәсіптік пайдалануға беру есебінен уран өндіру көлемін арттырып отыр. Компанияның болашақ жоспарында табиғи уран өндіру мөлшерін жылына 15 мың тоннаға жеткізіп, 2028-жыл дегенде аталмыш көрсеткіш бойынша Қазақстанды дүниежүзінде бірінші орынға шығару көзделген.

Қазір толыққанды барланған, алайда әлі игеріле қоймаған , жалпы қоры 2 мың тоннаға бағаланған Заречное, Жалпақ, Иіркөл кеніштері, 81 мың тонна қоры бар Орталық Мыңқұдық, 160 мың тонна қоры бар Қарасан, қоры 130 мың тоннаға бағаланған Инкай кенішін жартылай, 300 мың тонналық қоры бар «Буденовское» кеніштерін игеру арқылы уран өндіру мөлшерін арттыру жоспарланды.
«Қазақатомөнеркәсібі» ҰАК — уран және басқа да қос мақсатты материалдардың импорт және экспорт мәселесімен айналысушы ұлттық оператор болып табылады. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, «Қазақатомөнеркәсібі» ҰАК-ның құрамына Степное және Центральное филиалдары мен Алтыншы кеніш басқармасы, «Үлбі металлургия зауыты» ААҚ-ның салалық құрылымдары (90%), «Волковгеология» ААҚ (90%), «МАЭК-Казатомпром» ЖШС (100%), » Жоғары технологиялар Институты» (50%), «Инкай», «Катко», «Заречное», «УКР ТВС» біріккен кәсіпорындары қамтылады.