Қазақ кинематографиясында тұңғыш рет «Қазақфильм» киностудиясы шығарған Эмир Байғазиннің «Уроки гармонии» атты тырнақалды фильмі Берлинале фестивалінің негізгі байқауына іріктеліп алынды.
«Жалпы, негізгі байқауға қатысатын кез келген фильмді жасырын ұстайды. 14 ақпанда ақпарат құралдары өкілдеріне арналған «Уроки Гармонии» фильмінің жабық көрсетілімі және фестивальге алдын ала тіркелген журналистермен баспасөз отырысы өтеді. Ал сол түстен кейін Berlinale Palast сарайында кинокартинаның премьерасы болады. Премьера алдында фильмнің шығармашылық тобы қызыл кілемнен жүріп өтеді»,- деді фильмнің продюсері Анна Качко.
Кинофестивальдің ашылу салтанатына Мэтт Деймон, Джуд Лоу, Стивен Содерберг, Жюльет Бинош, Катрин Денев, Изабель Юппер сынды атақты актерлер қатысады.
«Әлемнің бірқатар елдерінің кинотуындыларымен жұмыс жасап келген тәжірибелі, сондай-ақ аталмыш салада өз құқықтарынан жетік FILMS DISTRIBUTION агенттігі (Франция) «Уроки гармонии» фильмін әлемдік прокатқа шығарумен айналыспақшы»,- деді продюсер. Оның айтуынша, 2012 жылы FILMS DISTRIBUTION агенттігі ұсынған WAR WITCH картинасы Берлин кинофестивалінде «Ең үздік әйел рөлі» жүлдесіне ие болып, «Оскар 2013» киножүлдесіне үміткерлердің тізімінен табылды.
28 жастағы режиссер Эмир Байғазиннің «Уроки гармонии» картинасы 2011 жылы VII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалідегі «Қазақстандық киножобалар нарығында» үздік деп танылып, «Қазақфильмнің» қаржылай қолдауына, сонымен қатар халықаралық деңгейде кеңірек танылуына мүмкіндік алды.
Кинокартинаның түсіру жұмыстары былтын шілдеде айында аяқталды. Бірнеше күннен кейін фильмнің алғашқы кадрлары Сараевода (Босния және Герцеговина) өткен Халықаралық кинофестивальде көрсетіліп, Work-in-Progress байқау бағдарламасында бас жүлдеге ие болды. Кейін «Берлинале Әлемдік Кино Қоры» (Berlinale World Cinema Fund) тағайындаған жүлдені жеңіп алды. Бұл фильм – Қордың қолдауына ие болған алғашқы қазақстандық жоба.
Берлин кинофестивалі – «А» класындағы ең ірі және беделді фестиваль және аты әлемге мәшһүр Канн және Венеция кинофестивальдерімен тең дәрежелі байқау. Осындай деңгейдегі фестивальдің негізгі конкурс бағдарламасына қазақ киносы бұған дейін бір рет қана, 18 жыл бұрын қатысқан болатын. Ол – режиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Кардиограмма» фильмі еді (Венеция, 1995 жыл).
Биыл Берлин кинофестиваліне қатысуға 3000-нан астам фильм ниет білдірген, олардың көбі – әлемдік және еуропалық кинопремьералар. Қазақстандық «Уроки гармонии» фильмі аталмыш фестивальдің негізгі конкурсына қатысатын Стивен Содерберг, Гас Ван Сент, Бруно Дюмон сынды
көрнекті кинорежисслерлермен бірге бәйгеде бақ сынасады. 63-ші Берлин кинофестивалінің қазылар алқасының төрағалығына қытай режиссері Вонг Кар-Вай («Чунцин экспресі», «Махаббат көңіл күйі», «Ұлы өнерпаздар») тағайындалған.
Былтыр Берлин кинофестиваліне 450 000-нан астам адам қатысты, соның ішінде 4000-ға жуығы 86 елден арнайы келген журналистер болды.